
Қалаларда контейнер алаңдарының ескі жиһаз бен құрылыс қалдықтарына толып жатуы жиі кездеседі. Жаман әдет тез тарайды: біреу үйінді қоқысты көріп, контейнерге дейін баруға ерінеді — сөйтіп бейберекет қоқыс орындары көбейе береді.
Мәселен, Қарим Сүтюшев көшесіндегі үйлердің бірінде тұратын азамат құрылыс қалдықтарын шығарып тастағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал тұрғын үйдің меншік иелері бірлестігінің төрағасы Виталий Волковтың айтуынша, бұл мәселені тек айыппұлмен шешу мүмкін емес — адамдар ең алдымен ортақ жауапкершілікті сезінуі тиіс.
– Біз қоқысты шығару үшін үйді ұстауға жұмсалуы тиіс қаражатты пайдаланып отырмыз. Бұл қаржының ішінде ережені сақтап жүргендердің де ақшасы бар. Неге олар басқа біреудің ірі көлемдегі қоқысын шығаруға төлеуі керек? – дейді ол.
Петропавл қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Айдын Ақмағамбетов абаттандыру ережелерін сақтау бүгінде аса өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.
– Бұл тек коммуналдық қызметтің, учаскелік инспектордың немесе тұрғын үй кооперативтерінің жұмысы емес. Ең алдымен, бұл – әрбір тұрғынның жеке жауапкершілігі. Естеріңізге саламыз: көлемді қоқыс пен жиһаз заттарын контейнер алаңына шығару абаттандыру ережесін бұзу болып саналады. «Заң және Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру күнделікті іс-әрекеттен, жауапкершілікпен қараудан және айналаға құрметтен басталады, – деді ол.
Жалпы, жыл басынан бері Петропавл қаласында полицейлер абаттандыру ережесін бұзудың 4800-ден астам фактісін тіркеп, хаттама толтырды.