Петропавлда полицейлер ер адамды және газ баллонды өртенген үйден алып шықты

Петропавлда полицейлер ер адамды және газ баллонды өртенген үйден алып шықты

16 қыркүйекке қараған түні Петропавлдың Жұмысшы кентіндегі Островский көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғыны қарсы беттегі үйден өрт шыққанын байқап, дереу телефонға жүгінді. Өрт туралы хабарлама сағат 01:42-де қалалық полиция басқармасының екінші бөлімінің кезекші бөліміне түсті.

Сол түні кезекшілікте болған учаскелік инспектор Жалғас Масанов пен патрульдік полиция батальонының қызметкері Жақсылық Көжелдәков ең жақын жерде – полиция пунктінде әкімшілік материал жинаумен айналысып отырған. Уақытты жоғалтпау үшін тәртіп сақшылары оқиға орнына жаяу жетті.

Үйдің бұрышы жанып, от қарқын ала бастады. Есік іштен құлыптаулы еді. Оянып шыққан көршінің көмегімен полицейлер үйге кірді. Түтін ішке ене бастаған. Жылдам әрі үйлесімді әрекет еткен полиция қызметкерлері 35 жастағы тұрғынды оятып, ең қажетті заттарын жинауына көмектесіп, сыртқа алып шықты. Сонымен қатар газ баллонды да қауіпсіз жерге шығарды.

«Не болып жатқанын түсінбей қалдым, — дейді құтқарылған ер адам. — Кейін барып қана ойландым: егер полицейлер болмағанда, түтінге тұншығып немесе өртеніп кетуім мүмкін еді. Олар менің қорғаушы періштелерім, енді мен үшін екі туған күнім бар».

Өрт сөндірушілер жалынды дер кезінде ауыздықтап, толық сөндірді. Полицейлер өз қызметін жалғастырды.