
Күн сайын «102» пультіне тыныштықты бұзу туралы хабарламалар келіп түседі. Көбіне, қалалықтар тыныштығын бұзған шулы көршілеріне шағымданып жатады. Түнгі отырысты тәуір көретіндерге қандай жаза қарастырылғаны жайлы СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы айтып берді. «Жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзу әкімшілік жауапкершілікке тартуға негіз болады. ҚР ӘҚтК 437-бабымен 13 мың мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза көзделген. Егер осындай құқық бұзушылық қайталап жасалса, айыппұл да екі есе болады. Кәсіпкерлер мен өзге ұйым өкілдеріне айыппұл санкциясы 55 мың теңге», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.
Жыл басынан 1862 солтүстікқазақстандық тыныштықты бұзған көршілеріне шара қолдану үшін полицияға жүгінген. Олардың басым бөлігі облыс орталығында, тыныштықты бұзған 155 адам қайта жауапқа тартылған. Тәулік бойы жалға берілетін пәтерлерде тыныштықты бұзу фактілері жайлы жиі хабарласып жатады. Көпқабатты үйлерде түрлі құқық бұзушылықпен тиімді күресуде жаңа технологиялардың, әсіресе үйлердегі подъездер бойынша WhatsApp желісінде құрған чаттардың көмегін атап кеткен жөн. Барлық көршілер қосылған топтардағы көпшіліктің наразылықтары тиімді нәтижесін береді. Осындай хат алмасуларда көршілер қоқыс тастау, рұқсат етілмеген жерге көлікті қою, тыныштықты бұзу фактілерін талқыға салады.
Полицейлер карантин кезеңінде тыныштықты бұзу фактісі бойынша шақыру, карантиндік іс-шараларды бұзу ретінде қаралуы мүмкіндігін атап кетті. Егер тұрғын үйде адамдардың жиналуымен қандай да бір іс-шара өткізу фактісі анықталған жағдайда, онда ҚР ӘҚтК 425-бабы бойынша шара қабылданады.