
48 жасар қала тұрғынынан «102» арнасына пәтерінде адам өлтірілді деген хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына шұғыл Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері жіберілді, алайда, жолда оларға шақыртудан бас тартылғаны туралы хабарлаған. «Әйел өзі қоңырау шалып, ақпаратты жоққа шығарған. Аталған мекенжай бойынша учаскелік полиция инспекторы жіберілді»,- деді Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөлімінің бастығы Руслан Сыздықов.
Полиция капитаны Жанат Мұхамеджанов пәтерде масаң күйдегі әйел мен екі ер адамның болғанын анықтаған. Әйел отырыста адам өлімі туралы әзілдеп, көңіл көтермекші болған. Әйелдің мұндай әрекетке бұған дейін де барғаны белгілі болды. Наурыз айында ол ұқсас бұзушылық жасағаны үшін жауапқа тартылған болып шықты. Бұзушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 438-бабы 2-бөлігі «Арнаулы қызметтердi көрiнеу жалған шақыру» бойынша жауапқа тартылды. Оған 80 мың теңгеден астам айыппұл төлеуге тура келеді.
Жыл басынан аталған бап бойынша СҚО-да 327 бұзушылық тіркелді.