
Подъездегі қоқыстар, спирттік ішімдіктер ішу, жанжалқорлар - осылармен Егемен Қазақстан көшесі бойында орналасқан жатақхана тұрғындары бірнеше жыл бойы арпалысып келді. Петропавл қаласының тұрғыны учаскелік полиция инспекторларының жатақхана тұрғындарын өз проблемаларымен бетпе-бет қалдырмай, көмек көрсеткендерін айтып, қалалық полиция басшылығына алғысын білдірген. «Учаскелік полиция инспекторы Асхат Дәркеев пен бұрынғы инспектор Ильнурға (тегі есімде жоқ) зор алғыс білдіргім келеді. Біз, бірлесе үш жыл бойы заңға бағынбайтын азаматтармен күрестік. Түптің түбінде жеңіп шықтық. Тыныштықта өмір сүріп жатқанымызға жылдың жүзі болды. Қазір бізге жаңа учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетеді, шақырсаң бірден келеді. Жігіттерге де, басшылығына да рақмет. Адал, тәртіпті инспекторлар тек адал әрі жақсы басшыларда ғана болады! Бізбен бірге болғандарыңызға зор алғыс», - деп жазыпты «Экватор» ПИК төрайымы Оксана Бабыкпаева.
Әйел адам полицияның жұмысы туралы өзінің ризашылық пікірін WhatsApp-та құрылған «СҚО аулаларын мониторингілеу» тобына жолдаған. Бұл чат ПИК төрағаларын, жергілікті атқарушы билікті, жұртшылықты біріктірді. Соңғы кездері цифрлық ресурстардың көмегімен құрылған мұндай ашық әңгімелесу, көмекке мұқтаж жандарға жедел қол ұшын созуға септігін тигізуде. «Білдірілген пікірлер – учаскелік полиция инспекторларының тиімдіжұмыс істейтіндерін көрсетеді. Ел Президенті өз Жолдауында «қолжетімді полиция» қағидатын қамтамасыз етуді тапсырды. Атап айтқанда, учаскелік инспекторлардың халықпен осындай өзара қарым-қатынасы тапсырманы іске асыруға септігін тигізеді», - дейді Петропавл қ. ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.
Петропавлда 13 аймақтық полиция пункті жұмыс істейді, онда 97 учаскелік полиция инспекторы қызмет етеді. Өз учаскелік инспекторыңыздың байланыс телефонын СҚО ПД ресми аккаунттарынан білуіңізге болады.