«Тұрмыс» операциясының басты мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында орын алатын қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу болып табылады. Тұрғылықты жерлері бойынша қорғау ұйғарымдары шығарылған немесе жүріс-тұрыстарына сотпен ерекше талаптар белгіленген отбасылық жанжалқойлар тексерілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі бөліністің қызметкерлері Петропавл қ. жұмысшы кентінде рейд жүргізді. Жанжал жиі болып тұратын, әйелге қол көтерілетін үйлердегі ахуал біршама жақсарған. «Мұндай өзгерістер қуантады, - деп атап өтті Петропавл қ. ПБ ЖПҚб учаскелік инспекторы полиция майоры Сейілбек Жарқын. – Үйде тыныштық болса, қорқып-үркудің орнына балалар алаңсыз сабақтарын оқи алады. 20 қыркүйек күні мен отбасылық жанжалқойға қатысты қорғау ұйғарымын шығарып, әңгіме жүргіздім. Жұбайы бүгін оның ішімдік ішуді қойғанын, түзу жолға түсіп, қыстың қамына кіріскенін айтты...».
Ащы судың кесірінен жанжал тек ерлі-зайыптылардың арасында ғана емес, сонымен қатар балалар мен ата-аналары, аға-қарындастар арасында да орын алып жатады. Тағы бір мекенжайда учаскелік полиция инспекторы қарындасын соққыға жыққаны үшін 45 жасар қала тұрғынына қатысты әкімшілік материал жинап, әкімшілік қамауға алуды белгіледі. Полицейлер жанжалқойдың үйіне барған кезде ол үйінде болмай шықты, қарындасы Елена ағасы ішімдікті тастап, жұмысқа орналасқаны туралы айтты. Сондай-ақ, ол осындай жағдайға түскендерге жанжалқойларды аямай дереу полицияға немесе учаскелік пунктіне жүгінуге кеңес берді, себебі кейде түзу жолға түсу мен сананың оянуы алған жазадан кейін ғана пайда болып жатады.
Профилактикалық есепте тұрған отбасыларға полицейлер балалардың қолымен салынған суреттерді сыйға тартты. Тұрмысы қолайсыз отбасындағы балалар сурет саларда ақ пен қара түсті пайдаланған, бұдан үрей мен алаңдаушылықты көруге болады. Полицейлердің ойынша, ересектер өздерінің әрекеттерінен толық жауапкершілікті сезінулері тиіс. Үрейге толы суретегі ақ пен қара бояу әсем түрлі- түсті бояумен алмасуы қажет, сондықтан балалар келесіде өздерінің отбасындағы тыныштық пен татулықты сурет бетінде түрлі-түсті бояулар бейнелеулері үшін оларға түрлі бояу мен сурет салатын альбомдар сыйға тартылды.
«Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасын іске асыру шеңберінде полиция қызметкерлері үйді-үйді аралап, ауларды тексерді. Тек бірінші күні 112 тұрмыс төмен отбасы мен 840 есептегі адам тексерілді. 48 қорғау ұйғарымы шығарылды. Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматовтың айтуынша, жыл басынан бері отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынас саласында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар 39-дан 52 фактіге дейін өскен.
«Тұрмыс» республикалық операциясы тұрмысы төмен отбасылармен профилактикалық жұмысты күшейтуге және осы отбасыларда тәрбиеленген кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуын болдырмауға бағытталған шараларды уақтылы қабылдауға бағытталған.
