
«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері жол қауіпсіздігі жөнінде алғашқы онлайн сабақ өткізді. Жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері Zoom қосымшасы арқылы оқушылармен байланысқа шықты. Петропавл қаласындағы №1 мектептің 7-сынып оқушылары онлайн-режимінде өткен сабаққа алғашқы тыңдаушы болды, оның барысында оқушыларға жол ережелері түсіндірілді. «Балаларға жолда өзін-өзі қалай ұстау қажеттігі жайлы кішкентай кезінен бастап үйрету керек. Балалардың қашықтықтан оқуға көшкенін ескере отырып, біз онлайн сабақ өткіздік. Біздің міндетіміз – жол ережесін сақтайтын тәртіпті жол қозғалысына қатысушыларды тәрбиелеу», - деп атап өтті СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы полиция капитаны Азамат Жамұқов.
Оның айтуынша, жаяу жүргіншілердің көшелердегі жүріс-тұрысынан олардың ғана емес, басқа да жол жүрісіне қатысушылардың да қауіпсіздігі байланысты. Ол мектеп оқушыларына жолда әркім білуі тиіс жол белгілері туралы айтты. «Сендер көшелердегі жаяу жүргіншілерге арналған жекелеген учаскелердегі қауіпті жағдай туралы, сондай-ақ жол жүрісінің негізгі ережелерін білулерің тиіс», - дей келе, полиция капитаны жаяу жүргіншілер Жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны туралы еске салды.
Жыл басынан бері СҚО жолдарында балалардың қатысуымен 16 жол-көлік оқиғасы орын алды.