Сақ болыңыз: алаяқтар жалған парақшалар арқылы ақша сұрайды

Сақ болыңыз: алаяқтар жалған парақшалар арқылы ақша сұрайды

«Фотода менің атымнан жазылған нөмір көрсетілген, ал профильде менің фотосуретім тұр. Ақша сұрайды! Олар алаяқтар. Өтінемін, ештеңе аудармаңыз. Мен біреуге хат жазып, бір нәрсе сұраған емеспін! Сақ болыңыз», - деп Дана есімді желі қолданушысы өзінің Instagram парақшасында осындай хабарлама жариялаған. Осындай ескертуді тағы бір белсенді блогер өзінің парақшасында жазған. «Өкінішке орай, мұндай фактілер жиі кездеседі. Соңғы үш жылда бұл алдау әдісін алаяқтар пайдаланып келуде. Әрине, көп жағдайда адамдардың ақпараттық сауаттылығы мен қырағылығы қаскөйлерге өздерінің қылмыстық жоспарларын жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Алайда, желі қолданушылары түскен түрлі өтініштер немесе ұсыныстарды тексере бермейді», - дейді СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климов.

Соңғы кездері алаяқтар белсенділік танытып отыр, бұл жайлы петропавлдықтар өздерінің стористерінде хабарлауда. Жедел қызметкерлер атап өткендей, мұндай жағдайларда өзіңді және әмияныңды сақтаудың ең тиімді тәсілі – желіде кімнің атынан жазылса, сол танысыңа қоңырау шалып білу. Алдау схемасы келесідей: қаскөй әлеуметтік желі қолданушыларының біреуінің атынан бірдей парақша ашып, оның парақшасынан фотосуреттер мен басқа деректерді көшіре отырып, өзінің «ұқсасының» атын жамылып, достарымен немесе туыстарымен хат алмасады. Жалған парақшалар арқылы алаяқтар қандай да бір проблемасын айтып, адамдардың жанашырлық танытатындарына сене отырып, қарызға ақша сұрайды.

Жыл басынан бері интернет-алаяқтардың осындай қарапайым айла-амалдарына түсіп қалған үш солтүстікқазақстандық полицияға жүгінді.