
Екі дүниежүзілік соғыстан сыр шертетін үш қырлы сүңгі-пышақтан жасалған стилет, кастет, қол шоқпарлар - Полиция департаментінің музейінде суық қарудың ондаған түрі сақталған. Қанды қылмыс іздері бар экспонаттарды да байқауға болады...
Негізінен олар қылмыскерлер мен құқық бұзушылардан тәркіленіп алынған. Қарулардың тек бірнеше үлгісін ішкі істер органдарының ардагерлері музейге тарту етті, ал 1908 жылы жасалған қылышты Қызылжар ауданының тұрғыны 2016 жылы жеке үйін жөндеп жатқанда тауып алды, кейін оны полицияға тапсырды.
Музейге келген адамдар семсерлер мен нунчактарды ерекше қарайды. Видеосалондарда танымал болған голливудтық фильмдердегі қару үлгілерін 1990 жылдары кейбір адамдар жасап шығармақ болды...
Заттай айғақтар ретінде алынған қарулар музейде бөлек сақтаулы.
Сөрелерден 1990 жылы мас жанжалқой полиция қызметкеріне шабуыл жасамақ болған пышақты көреміз...
Дәл осы жылы полиция майоры Алексей Щербаковтың өліміне алып келген жеті кесілген жара салған қауіпті ұстараны көруге болады...
Тағы бір пышақтың жүзімен 1992 жылы көлікжайдан ұрлық жасап жатқан күдіктіні құрықтау кезінде органдардың қызметкері жараланды...
Осы сияқты экспонаттардың ішіндегі ең көнелері - екі пышақ. Олармен 1935 жылы Ленин милиция бөлімінің жақында тағайындалған жедел уәкілі Павел Заикин өлтірілді. Заикин кезекшілік кезінде Заградов ауылдық кеңесінің аумағында мал ұрлаушыларды ұстап, оларды Явленка ауылына апара жатты. Заградовка және Корнеевка ауылдарының арасында ашық далада кетіп бара жатқанда қылмыскерлер оңтайлы сәтті тауып, милиция қызметкеріне шабуыл жасап, айуандықпен өлтірді...
"Павел Заикин азаматтық соғыстан кейін, бандалармен күрес кезеңі мен Ұлы Отан соғысы жылдары аралығындағы уақытта - бейбіт кезеңде қылмыскерлер қолынан қаза тапқан органдардың алғашқы қызметкері болды", - дейді музей меңгерушісі Любовь Осинская. - Ерлікпен көз жұмған милиционерге біздің музейде тұтас экспозиция қойылған. Мұнда оның жеке заттары, құжаттары және 28 жасында оның өмірін қиған қару сақталып тұр..."
Тарихи жәдігерлер музейге келушілерді, әсіресе оқушыларды ерекше қызықтырады. Полицейлер экскурсия ұйымдастыру кезінде жас ұрпаққа шетел мәдениетін емес, жерлестерінің ерлігін таныстырады. Өйткені басты мақсат - балаларды патриоттылыққа тәрбиелеу. Өткеннің тарихын білу - болашақта осындай қателіктерді жасамау, музей қорлары атышулы қанды қылмыстардың тарихымен толықтырылмауы үшін қажет...
Игорь Мерцалов, СҚО ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы