Шымкент: Полиция департаментінің бастығы мегаполис тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді  

Шымкент: Полиция департаментінің бастығы мегаполис тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді   
Шымкент: Полиция департаментінің бастығы мегаполис тұрғындарымен кезекті кездесуін өткізді
 
Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Ералы Жумаханбетов Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесу шарасы барлық санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды. Жүздесу барысында аудан тұрғындары тарапынан қойылған сұрақтар кең көлемде талқыланып, шешімдерін тапты. Жиналған көпшілік өз учаскелік инспекторларының жұмысына қатысты пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын айтты. Сонымен қатар, елдегі дүрбелең кезінде алдыңғы шепте тұрып, халықтың тынышы үшін қызмет еткен полицейлердің ерен еңбектеріне ерекше тоқталып, шынайы ризашылықтарын білдірді.
Шымкент қаласының Бас полицейі тұрғындардың қандай да бір мазалап жүрген сұрақтары немесе мәселелері болса, міндетті түрде бірлесіп, ақылдасып шешімін табатынын алға тартты.
Сондай-ақ, қала тұрғындары қаламызда орнатылған бейнебақылау камераларының қылмыс пен құқықбұзушылықты алдын алудағы тиімділігін атап өтіп, тиісінше қаладағы тұрғын үйлердің аумағына камераларды көптеп орнатып беруін сұрады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында “Жұртқа жақын полиция” қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметі мейлінше азаматтармен байланыс орнатуының қажеттілігін айтқан болатын. Қоғамның қауіпсіз өмірін қамтамасыз етуде, өзіне бекітілген аумақтағы тұрғындардың отбасылық жағдайын білуі, түрлі құқықбұзушылық пен қылмыстардың алдын алу үшін тиісті әрі заңды шараларды қолға алу учаскелік полиция инспекторларының негізгі міндеті. Осы жауапкершілікті сезіне отырып, халықпен тығыз байланыста жұмыс істеу қажет. Бүгінгі кездесу де осы мақсатты көздеген. Тұрғындар өз ойларын ашық айтып, Шымкенттің ең қауіпсіз қалаға айналуы бағытында атсалысатындарын жеткізді. Кездесуге келген әрбір тұрғынның пікірі тыңдалып, олармен кері байланыс орнады. Мұндай маңызы мол кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табады», – деп атап өтті полиция генерал - майоры.
Ералы Мұсаәліұлы әрбір қозғалған мәселелер шешімін таппайынша бақылауда болатынын айтып, жауапты қызметкерлерге тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, тұрғындарға департамент бастығының нұсқауымен «WhatsApp» желісінде құрылған «Жедел әрекет ету тобына» қосылып, жұмыла жұмыс жасау мақсатында байланыс нөмірлер жазылған ақпараттық парақшалар таратылды.
 
Шымкент Қаласы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі