
Павлодар облысында карантиндік шаралардың сақталуын бақылау бойынша тексеру шаралары жалғасуда. Басты міндет – коронавирустық инфекцияның таралуын төмендетуге және болдырмауға бағытталған санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету.
Мәселен, 2020 жылғы 06 қарашада сағат 17-45 шамасында Екібастұз қаласында Абай көшесі бойынша орналасқан "Бәйтерек" мейрамханасының банкет залында мониторингтік топ 60-тан астам адам шақыртылған отбасылық іс-шараны (үйлену тойын) өткізу фактісін анықтады, барлық қонақтарды мекемеден таратып жіберіп, мейрамхана директорына қатысты ҚР ӘҚБтК 425-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Ал 07 қарашада М.Жүсіп көшесінде орналасқан "Пирамида" сауда үйіндегі "Планета одежды" бөлімі карантин жағдайында демалыс күні жұмыс істеу фактісі анықталды. Тыйым салынғанына қарамастан, сатушылар демалыс күні жұмыс істеген.
Жиналған материалдар шешім қабылдау үшін Екібастұз қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына тапсырылды.
Павлодар облысындағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында 09 қарашадан бастап шектеу шаралары күшейтілді. Қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысы 20.00-ге дейін шектелген. Сондай-ақ, азық-түлік емес, жабық және ашық базарлардың жұмысы тоқтатылады. Моншалар мен сауналар да жұмыс істемейді.
- Азаматтардың денсаулығы аса маңызды. Карантин режимін сақтамаған адамдар жауапкершілікке тартылады. Өйткені, олар өздеріне ғана емес, айналасындағыларға да қауіп төндіреді, - деді департамент бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.