«Халық жүрегіндегі қаһарман» атты еске алу кеші

«Халық жүрегіндегі қаһарман» атты еске алу кеші

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Павлодар облысы ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің бастамасымен милиция генерал-майоры, Ұлы Отан соғысының қатысушысы, жазушы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген заңгері және КСРО ІІМ-нің еңбек сіңірген қызметкері Самат Смағұлұлы Бақыровқа арналған еске алу кеші өтті.

Еске алу кешіне қызметке жаңадан қабылданған полиция қызметкерлері, ІІО ардагерлері, генералдың ұрпақтары – балалары, немерелері мен шөберелері, Бақыровтар әулетінің ізбасарлары жиналды. Олардың жалпы еңбек өтілі 300 жылды құрайды.

-Біздің жерлесіміз Самат Смағұлұлы Бақыров – Отан қорғаушылардың аңызға айналған тұлғаларының бірі. Оның есімі Қазақстан полициясының бірнеше буынына жақсы таныс. Соғыс жылдарында, неміс-фашист басқыншыларына қарсы шайқастарда ол батыл, ержүрек жауынгер ретінде көзге түсіп, нағыз ерліктің үлгісін көрсетті. Ал бейбіт кезеңде Самат Смағұлұлы бар күш-жігерін, білімін және тәжірибесін қоғамдық тәртіпті сақтауға арнады, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орумбаев.

Құттықтау сөзімен Павлодар облысы ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Азат Сейілханов та сөз сөйледі. Ол Самат Смағұлұлының 17 жасынан басталған жауынгерлік жолын еске салды:

-Павлодар педагогикалық училищесінің 2-курс студенті бола тұра, Самат Бақыров майданға өз еркімен аттанып, Курск доғасындағы шайқасқа, Днепрді форсировать етуге қатысып, жарақат алды. Кейін қайтадан майданға жіберіліп, барлаушы ретінде 1-ші Украина майданы құрамында Белая Церковь, Шепетовка, Каменец-Подольск, Тернополь, Львов, Чехословакия, Польша қалаларын азат етуге қатысқан. Сондай-ақ Сандомир, Гжешев қалалары үшін шайқастарға қатысып, Украинаны азат етуге үлес қосты.

Азат Ілиясұлы атап өткендей, Самат Бақыров өзінің бай өмірлік тәжірибесін жас қызметкерлермен бөлісуден жалықпай, ІІМ оқу орындарының курсанттарына дәрістер оқып, ІІО қызметін насихаттады. Ол соғыстан кейінгі жылдардағы милиция қызметі жайлы 3 кітап, сондай-ақ «Өмірге өкпем жоқ» атты өмірбаяндық кітабын жазды.

Самат Смағұлұлының кенже ұлы Асқар Бақыров әкесінің ұрпақтарына жарқын әрі өнегелі өмір жолын қалдырғанын айтып, мұндай іс-шараның жас буын үшін тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді.

Айта кетейік, Самат Смағұлұлы Бақыров бейбіт өмірде де Отанға адал қызмет еткен. 1946 жылы майданнан оралған соң, ол Павлодар қаласында учаскелік инспектор қызметіне тағайындалды. 1951–1958 жылдары Павлодар облысы ІІБ қылмыстық іздестіру басқармасының бастығы қызметін атқарды. 1958 жылы Екібастұз қалалық ішкі істер бөліміне бастық болып тағайындалды. 1960 жылы ІІО-ның Тың өлкелік басқармасы бастығының милиция жөніндегі бірінші орынбасары болды. 1964–1974 жылдары Қостанай облыстық ІІБ бастығының бірінші орынбасары, ал 1974 жылдан бастап ІІБ бастығы қызметін атқарды.

Милиция генерал-майоры Бақыров қызметтік жетістіктері мен ерліктері үшін 25 мемлекеттік наградаға ие болған. Олардың ішінде Еңбек Қызыл Ту ордені, I дәрежелі Отан соғысы ордені, «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Ерлігі үшін», «Қоғамдық тәртіпті қорғаудағы айрықша жетістігі үшін», «ІІМ-дегі мінсіз қызметі үшін» медальдары және тағы басқа марапаттары бар.