ҚР ІІМ логотипі

Меню

Страницы

Статья

Стереотиптерден тыс: қылмыстық іздестіруді өміріне айналдырған подполковник тарихы

8 Наурыз — көктем мен нәзіктіктің мерекесі. Бірақ полиция подполковнигі Анара Конкаева үшін бұл күн – жедел уәкілдің қарбалас қызметіндегі қысқа ғана үзіліс. Қала гүл алып, мерекеге қамданып жатқанда, ол қылмыстық деректерді саралап, заң бұзғандардың ізіне түсуді жалғастырады.

Жедел уәкілдің қызметі – кабинеттегі тыныш жұмыс емес. Бұл – тосқауыл қою, оқиға орындарына шығу, әртүрлі санаттағы тұлғалармен жұмыс істеу. Ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашуда әйелге тән түйсік пен ұсақ-түйекке мән беру қабілеті шешуші рөл атқарады. Ер азаматтар табандылықпен әрекет етсе, әйел адам сабыр мен қырағылықтың арқасында нәтижеге жетеді. Анара Жұматаевна: «Қылмыскер жынысқа қарамайды, ол кәсібиліктен қорқады», – дейді. Ал кәсібилік жағынан подполковниктің тәжірибесі мол.

Анара Конкаева Павлодар облысы Қашыр ауданы Березовка ауылында дүниеге келген. Мектепті совхоз-техникумда тәмамдаған. Отбасында кенже бала болғандықтан, жақындарының еркесі болып өскен.

– Маған әрдайым романтика, серпін жетіспейтіндей көрінетін. Ол кезде «Каменская» телехикаясы көрсетілетін. Басты кейіпкер Настя Каменская қатты ұнайтын. Сол себепті мамандық таңдауым айқын болды. Бірақ бұл шешім жақындарымды таңғалдырды. Ата-анам райымнан қайтаруға тырысты, әпкем бұл жұмыстың ауыр екенін, жұмыс уақытының шектеусіз екенін, қылмыс пен түнгі кезекшіліктер болатынын айтты. Алайда бұл сөздер менің қызығушылығымды одан әрі арттырды. Новосибирск гуманитарлық институтын бітірген соң, 2006 жылы Ақсу қалалық полиция бөлімінде кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор болып қызметке кірістім. Сол кезде «қызғылт көзілдірігім» шешілді, – деп еске алады ол.

Мектеп инспекторы ретінде ол қолайсыз отбасыларда тәрбиеленіп жатқан, қиын жағдайға тап болған балалардың өмірін көрді.

– Мектеп инспекторының жұмысы тек хаттама толтырып, ескерту жасаумен шектелмейді. Бұл – жасөспірімдерге заң өкілінен гөрі сенімді ересек болу. Алғаш келгенде «есепте тұрған» балалардың тізімі ұзақ еді. Сабаққа келмейтін, үйінен кетіп қалатын, көшені таңдаған жеткіншектер көп болды. Бірақ әр «қиын» баланың артында үлкен өкпе не көмекке мұқтаж жан айқайы тұрғанын түсіндім. Мен олармен байланысты ұрыстан емес, әңгімеден бастадым. Кабинетке шақырмай, өзім бардым. Мектеп дәлізінде, аулада сөйлестік. Ашусыз «Неге келмедің?» деп сұрағанда, шынайы жауап алуға болатынын ұқтым. Менің басты қағидам – айыптамау, әр баланың қабілетін көру және жеке уақыт бөлу болды. Телефоным тәулік бойы қосулы тұрды. Кейде кешкі сағат 11-де түскен бір қоңырау жыл бойғы профилактикалық жұмыстан артық нәтиже беретін. Бүгінде бұрын есепте тұрған жасөспірімдердің бірі Мәскеуде тұрады, отбасы, кәсібі бар. Әлі күнге дейін хабарласып, алғыс айтады, – дейді офицер.

Оның еңбек жолы – кәсіби шыңдалудың айқын үлгісі. Алдымен кәмелетке толмағандар ісі инспекциясында қызмет етті, кейін тергеуші болды. Әрбір құжаттың артында адам тағдыры тұрғанын түсінді. Ал 2018 жылы қылмыстық іздестіру бөлімінде жеке басқа қарсы қылмыстарды ашу тобының аға жедел уәкілі болып тағайындалғанда, өз орнын тапты.

– Істер көп болды. Соның ішінде бір кісі өлтіру ісі есімде. Жалғызбасты әйел балалар үйінен жасөспірімді қамқорлығына алып, тәрбиелеп өсірген. Бар жиған-тергенін тоңазытқыштың мұздатқыш бөлігінде сақтайтын. 19 жасқа толған жігіт жұмыс істемейтін, ақшаның қайда екенін білетін. Бір күні ақша табылмаған соң, қамқоршысынан талап етіп, бас тартқаны үшін оны еттартқышпен өлтірген. Тергеу барысында ол болған жағдайды бейтарап әңгіме секілді баяндады. Өзін асырап, мейірімін төккен жан туралы бір ауыз өкініш білдірмеді. Сот үкімі шықты, – деп еске алады подполковник.

Қатаң қызметіне қарамастан, Анара Конкаева нәзіктігін жоғалтпаған. Әріптестері оны сенімділігі мен жауапкершілігі үшін құрметтейді. Ал қызметтен кейін оны үйінде жұбайы – ішкі істер органдарының ардагері, ересек ұлы және мектеп жасындағы қызы күтіп отырады.

Дата публикации
04 марта 2026
Дата обновления
04 марта 2026
Тип

Сейчас читают

10 сентября 2026
Рахмет, полиция!
07 сентября 2026
Кәсібилігі үшін алғыс
Ақпарат
03 сентября 2026
Кезекті аттестаттауға жататын Павлодар облысы Полиция Департаменті қызметкерледің тізімі:

Социальные медиа

Facebook
Instagram

Меню подвал

ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы