
Павлодар облысында полицейлер екі жастағы балаға шұғыл медициналық көмек қажет болғандықтан, көлікті дереу ауруханаға дейін жеткізіп, жол бойы ілесіп жүрді. Бұл туралы полиция басшылығы тек баланың анасының алғысын алғаннан кейін ғана білді.
– Облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Нұрасыл Аймекенов пен Асылтас Табанбаевқа шексіз алғысымды білдіремін. Сол күн әлі есімде. Қызымда кенеттен қатты талмасы ұстап , жедел жәрдем келмеген соң, біз Мойылды ауылынан Павлодарға өзіміз шықтық. Жолда көліктер көп, қозғалыс өте қарқынды болды. Не істерімді білмей, қатты абыржыдым. Сол кезде жолда патрульдік полиция көлігін көріп, көмек сұрадық. Полицейлер еш ойланбастан бірден көмек қолын созып, бізге қауіпсіз ілесіп жүруді қамтамасыз етті. Соның арқасында ауруханаға тез жеттік, қызымызға қажетті көмек көрсетілді. Осындай жүрегі жылы, кәсіби, адамгершілігі мол полицейлерге шын жүректен алғыс айтамын. Сол күні олардың есімін білмедім, бірақ бәрі жақсы аяқталған соң, оларды тауып, қызымды құтқарғандары үшін рақмет айтқым келді, – деп жазды алғыс білдірген тұрғын.
– Біз жағдайдың қаншалықты маңызды екенін түсіндік те, дереу шешім қабылдап, көлікті ауруханаға дейін ілесіп жеткіздік. Әңгіме адамның, әсіресе кішкентай қыздың денсаулығы туралы болғанда, ойыңда бір ғана нәрсе тұрады – дер кезінде үлгеру. Кішкентай қызға зор денсаулық пен бақыт тілейміз, – дейді полицейлер.