
Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Склярдың атына Аққулы ауданы Әйтей ауылының тұрғыны Қанат Қанафиннен учаскелік полиция көмекшісі Ардақ Кәденовтің атына алғыс хат келіп түсті.
- Ағымдағы жылдың 20 сәуірінде Айтей ауылында қораның артына байланған жылқым жоғалып кетті. Жас полиция қызметкері Ардақ Кәденовке үлкен рақмет. Түні бойы ол менің жылқымды іздеді, жылқым кездейсоқ қазықтан шығып, алысқа кетіп қалған екен. Ардақ құрамына үш ауыл кіретін Жамбыл ауылдық округіне қызмет көрсетеді. Дегенмен ол барлық жерге барып, қызметін атқара алады. Ардаққа жұмыста сәттілік тілеймін! Оның жақсылығы мен жанашырлығы оған бірнеше рет оралсын, - деді ауыл тұрғыны полиция қызметкеріне.
Полицияның хабарлауынша, кезекші бөлімге иесінен қорадан жылқының жоғалғаны туралы өтініш түскен. Малды іздеу үшін Ардақ Кәденов көрші үйлерді аралап, жақын маңдағы шалғай учаскілерді, орман алқаптары мен орман екпелерінен жылқыны іздеген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде Әйтей ауылының дала аймағында өз бетінше жайылып жүрген жоғалған жылқы табылып, иесіне қайтарылды.
- Ауылдық жерлердегі учаскелік инспектор-құқықтық тәртіпті сақтаудағы басты тұлға. Заңдылықтың жай-күйі көбінесе қызметкердің халықпен сенімді қарым-қатынасына байланысты. Адамдарға көмектескені үшін алғыс сөздер - одан әрі қызмет ету үшін жақсы уәждеме, - деп атап өтті ауданның ПБ бастығы Тасқын Бөдиев.
Полицейлер атап өткендей, көбінесе мал жоғалған немесе ұрланған жағдайда оның иелері дереу полицияға жүгінбейді, өздері іздеулер жүргізеді, осылайша уақытты жоғалтады.
Павлодар облысының полиция департаменті мал жоғалған жағдайда дереу полицияға жүгіну қажет екенін еске салады. Мал иелері жайылымдарда өз малдарын қараусыз қалдырып, немқұрайлылық танытпауы керек. Сонымен қатар, малды таңбалау және биркалау керек, ал шаруашылық жерлерін нығайту керек.