
Ішкі істер министрлігімен ІІО қызметкерлерінде азаматтық-құқықтық дүниетанымды, патриотизмді, ант пен қызметтік борышқа адалдықты қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте ҚР ІІМ Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің ұйымдастыруымен Маңғыстау облысы құқық қорғау органдары, атап айтқанда, Полиция департаменті, Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті, Мамандандырылған күзет қызметі басқармасы және Желілік ішкі істер бөлімі қызметкерлері арасында “Ішкі істер органдарында идеологиялық және имидждік жұмысты ұйымдастыру” тақырыбында 4 күндік оқу-әдістемелік жиыны өткізілді.
Полиция қызметкерінің жаңа келбетін қалыптастыру, рухани-адамгершілік қасиеттерді арттыру мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шараның модераторы — Идеологиялық және имидждік жұмыс департаментінің ғылыми қызметкері, ІІО құрметті ардагері, запастағы полиция полковнигі Б.Қаженов болды. Төрт күнге жалғасқан шара барысында Болат Қаженов Қазақстан полициясының оң имиджін қалыптастыру және қоғаммен байланысты түзету бағытында маңғыстаулық тәртіп сақшыларына дәрістік, тәжірибелік семинар сабақтарын өткізіп, ауқымды тақырыптарды талқылады.
Айта кетейік, аталмыш іс-шара 11-14 қазан аралығында өткізілді. Оқу-әдістемелік жиынның соңғы күнінде Маңғыстау облысы ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Қ.Бахтыгереев барлық қатысушыларды арнайы сертификаттармен марапаттап, құттықтау сөз сөйледі.
- Баршаңызды шараның сәтті аяқталуымен құттықтаймын, алған мағлұматтарды қызмет барысында міндетті түрде қолданады деген ойдамын. Жұмыстарыңызға табыс тілеймін, биіктен көріне беріңіздер, - деп атап өтті ол сөзінде.