Ғасырлармен қалыптасқан тектілігіміздің негізінде сан түрлі ұйысқан Ұлт пен Ұлысқа алауыздық тудырмай, оқ шығармай орнаған Ата заңымыз - Қазақстан Республикасы Конституциясына биыл 25 жыл толған болатын.
Осы ширек ғасырды құрайтын уақыт ішінде еліміздің сан түрлі сала қызметкерлері секілді полиция қызметкерлері де азаттығымыздың тірегі болған Ата заңымыздың аясында аянбай еңбек етіп келеді. Тәртіп сақшыларының қабылданған заңдардың ізін суытпай орындалуы жолында және ел ішін әр түрлі қылмыстар мен қоғамдық тәртіпсіздіктен қорғауда тындырған істерін айтатын болсақ ұшан-теңіз.
Осындай абыройлы қызметкерлердің қатарында саналы өмірінің ұзақ жылдарын еліміздің құқық қорғау саласына арнап, ауданда қоғамдық тәртіпті сақтауға, қылмыстың және автомобиль жолдарында жол апаттарының алдын алуға үлесін қосқан полиция қызметінің кәсіби маманы, бүгінгі күні еңбегінің зейнетін көріп отырған ардагер - зейнеткер Жұмаханов Алдаберген де бар.
Бейнеу аудандық полиция бөлімі бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі Аминов Сансызбай Шүйішұлы бүгінде алып бәйтеректей бір әулеттің ақылшы тірегі, ұжымның арқа сүйер ардагердің үйіне барып, қадірлі қартымызға айрықша ықыласын білдіріп, өз сөзінде: «Сіз жастарға патриоттық тәрбие беруде үлкен үлес қостыңыз. Оның ішінде өзіңіздің еңбек жолыңызда алған экспонаттарыңыз бен жәдігерлеріңізді Маңғыстау облысының Полиция департаменті жанындағы мұражайға бердіңіз. 1980 жылы КСРО (Ресей) астанасы Мәскеу қаласында өткен XXII жазғы олимпиадада қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде аянбай еңбек етіп, зор үлес қостыңыз. Қызмет барысындағы ерліктеріңізде жетерлік. Сіздің өмірге деген белсенді ұстанымдарыңыз бен дара жолдарыңыз – өскелең ұрпақ үшін жақсы өнеге», – деп ардагерімізге алғыс сөзімен кітап табыстады.
Зейнетке шықса да елеусіз қалмаған еріміздің өнегелі жолындағы әр сәті есінде. Соның ішінде 102 желісінің шұғыл шақыртуымен аудандағы бір мал шаруашылығында болған қауіпті жағдайға бетпе-бет келген кездегі әсерлі естелігін қуана айтып берді. – «Қатардағы милиционерден бастап, майор шеніне дейін көтерілдім. Бүгінде зейнеткерлікке қалып, жылдар бойғы еңбегіміздің жемісін жеп жатырмыз. Мынау қиын да, ауыр қызмет ішкі істер саласындағы жұмыс жасайтын жастарға батыл, берік, адал болуларын тілеймін. Жас мамандарды қазір қоғамда етек алған жемқорлықтан аулақ болуға шақырамын.Ел қорғаны болуы шарт»,- дейді ішкі істер саласының ардагері Алдаберген Жұмаханов.