Бір күннің ішінде облыс ПД Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері 114 армян көлігін тіркеді. Бүгінгі таңда Маңғыстау облысында армян нөмірлерімен 1529-дан астам автокөлік тіркелген.
Тіркеуге Арменияның уәкілетті органдарында Қазақстан азаматтарына тіркелген және олар біздің елге 2020 жылғы 1 ақпанға дейін әкелген рульдің сол жақты орналасқан автомобильдері кіреді.
Автокөлікті тіркеу құны 11 946 теңгені құрайды, оның ішінде тіркеу үшін алым - 695 теңге (0,25 АЕК), техникалық паспорт үшін баж - 3473 теңге (1,25 АЕК), мемлекеттік нөмір үшін - 7778 теңге (2,8 АЕК).
Маңғыстау полициясының басшысы Жанарбек Бақтыбаев Армениядан келген көліктер үшін Қазақстанда есепке қою мерзімі аяқталатынын еске салды. Ішкі істер Министрлігінің қаулысына сәйкес 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін көлік құралдарын тіркеу бойынша шаралар қабылдау қажет.