Маңғыстау облысында қорытынды жиналыс өтті: полиция қызметінің 2024 жылғы нәтижелері талқыланды

Маңғыстау облысында 2024 жылдың қорытындысы бойынша полиция қызметінің нәтижелері қарастырылған қорытынды жиналыс өтті.

Жиынға облыс әкімі Нұрдаулет Қилыбай, ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Мұхтар Қожаев, облыс прокуроры Айдос Майлыбаев қатысты. Басқосу барысында ішкі істер органдарының негізгі жетістіктері мен 2025 жылы назар аударуды қажет ететін мәселелер талқыланды.

Өңірде 3176 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Ұрлық, тонау, бұзақылық және кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың деңгейі айтарлықтай төмендеген. Қылмыстық және қоғамдық-саяси жағдай тұрақты болып қала береді, ал полицияның жұмысы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті одан әрі қамтамасыз етуге бағытталған.

-Заңсыз айналымнан 126 келі есірткі тәркіленді.,
-768 граффити-жазба жойылды.,
-Есірткі саудасына қатысты 610 интернет-ресурс бұғатталды.,
-1016 мас жүргізуші ұсталды.

Жыл қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы Қазақстан өңірлері арасында қылмысты ашу деңгейі бойынша бірінші орынға шықты. Облыстық Полиция департаментінің бастығы Сағындық Аяғанов 2025 жылдың профилактика жылы болып жарияланғанын атап өтті. Осыған байланысты есірткіге қарсы күрес, алаяқтықтың алдын алу, жол-көлік оқиғаларын азайту, ұрлық пен басқа да мүліктік қылмыстардың алдын алу шараларына ерекше назар аударылады.

Жиналыс қорытындысы бойынша облыс әкімі Нұрдаулет Қилыбай ішкі істер органдарына қолдау көрсетіп, дамытуға қосқан үлесі үшін ҚР Ішкі істер министрінің алғыс хатымен марапатталды. Сонымен қатар, мінсіз қызметімен ерекшеленген полиция қызметкерлері ҚР ІІМ министрі, облыс әкімі, облыс прокуроры және полиция департаменті бастығының алғыс хаттарымен марапатталды. 2024 жылдың үздік жедел-қызметтік нәтижесін көрсеткен Маңғыстау ауданы полиция бөлімінің бастығына қызметтік автокөлік табысталды.

Маңғыстау облысының Полиция департаменті азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында белсенді жұмысын жалғастырады.

Құқықбұзушылықтардың алдын алу және халықтың ішкі істер органдарына деген сенімін арттыруға ерекше көңіл бөлінеді.

Дата публикации
26 февраля 2025