Азамат өз атынан мөрін басып, ресми түрде департамент бастығының атына қызметкердің ерлігін баяндаған жазбаны жолдаған. Оның айтуынша, Сержан есімді полиция қызметкері, қаладағы кеңселердің бірінде есінен танып қалған кеңсе қызметкеріне алғашқы медициналық көмек көрсетіп, азаматқа төнген қауіптің дер кезінде алдын ала білген.
Оқиға 2021 жылы 25 қаңтарда Ақтау қаласы 29а шағын ауданында орналасқан "Шинный центр" кеңсесінде орын алған. Жұмыс процесіндегі қызметкер кенеттен есінен танып, құлап қалса керек. Кездейсоқтық орын алып өзінің көлігіне дөңгелек қарауға барған полиция қызметкері де оқиға орнында болған. Бұл жайлы толығырақ мән-жайды Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Сержан Түйешиевтің өзі баяндап берді. "Көлігімізге жаңа дөңгелек алу үшін, түскі үзіліс уақытында әкем екеуміз уақыт белгілеп аталмыш кеңсеге баруды жөн көрдік. Ойымда ештеңе жоқ, өзімізге керектіні қарап, таңдауымызды жасап жатқанда топ болып қоршала адамдардың жиналып жатқанын байқадым. Менің көргенім - есінен танып, құлап жерде дірілдеп жатқан жас бала. Жасы 21-22 шамасында болуы керек. Не болғанын, қалай болғанын сұрап уақыт жоғалтпай, өзімнің тәжірибемдегі, білетін барлық алғашқы медициналық көмек көрсетуге бел будым. Жедел жәрдем шақырылды, алайда уақыт өткен сайын баланың жағдайы қиындай түсті. Оны оң жаққа қаратып жатқызып, салқын суды бетіне, денесіне тигізіп, үстіне киген киімдерін сәл босатып қолымнан келгенше барлық әрекеттерді жасадым. Бала көрсетілген медициналық көмектерден кейін есін жия бастап, жедел жәрдем келгенше азда болса өз-өзіне келді",- деді полиция капитаны Сержан.
Жедел жәрдем келгенде кеңсе иесі де оқиға орнына жеткен, ол да полиция қызметкерін көріп таңқалып, "102"-ге қоңырау түсіп келді деп ойлаған екен. Сәтті кездейсоқтықтың нәтижесі кеңсе иесінің үлкен ризашылығы мен алғысына себеп болды. Өзінің әрекетін ерлік емес, азаматтық міндеті деп санайтын Сержан ішкі істер органдарында атқарған 10 жылдық қызметінде, әр түрлі жағдайлардың кездескендігін атап өтті.
"Менің орнымда басқа адам болса да бей-жай қарап қалмас еді, адамның өмірі- ең маңызды құндылық, сондықтан қолымыздан келсе неге көмектеспеске",- деді ол.
Тәртіп сақшылары қоғамдық тыныштық пен қауіпсіздікті, құқық бұзушылықтардың алдын алуды ғана қамтамасыз етіп қоймай, сонымен қатар азаматтарды қиын жағдайларда қалдырмауды да басты назарда ұстайды. Полиция қызметкері - әмбебап маман. Азаматтарға қандай жағдай болмасын, олар толықтай тәртіп сақшыларына арқа сүйей алады. Өйткені, полицейлер әркез кез келген көмек көрсетуге дайын.