
Алматы облысының тұрғыны Ішкі істер министрінің атына Алғыс хат жолдады. Онда хат иесі Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік-полиция ротасының қызметкерлері жолда қиын жағдайға тап болған күйеуіне көмек көрсеткені туралы жазған.
1 қарашада Қызылорда облысы Полиция департаментінің патрульдік-полиция ротасының инспекторлары полиция аға лейтенанты Нұрмұханмед Мусалимов пен полиция аға лейтенанты Сейіт Қайрат патрульдеу бағытында жүріп, М-32 «Самара-Шымкент» трассасының 1688 шақырымында жол жиегінде «HOWO» жүк көлігінің тоқтап тұғанын көрген. Тексеру барысында автокөлік Ақтөбе қаласынан Алматы қаласына жол жүріп бара жатқан кезінде көлік құралы бұзылып жүргізуші мен оның жолаушысы жолда қалып қойған.
Тәртіп сақшылары көп ойланбай автокөлікті ІІІ Интернационал елді мекенінің жанындағы «Ақсарай» кешеніне эвакуациялауға көмек көрсеткен. Сол жерде оларға тамақ жеткізіп берген. Қазіргі уақытта автокөлік осы кешенде тұр, көлік иесі оны жөндеуден кейін алып кетеді.
Өз кезегінде жүргізушілер полиция қызметкерлеріне көрсеткен көмектері үшін алғыс айтып, қызметтеріне сәттілік тіледі. Кейін олар қалаға жеткізіліп, одан әрі Алматы қаласына жолға шыққан.
Полиция аға лейтенанты Мусалимов Нұрмұханмед ішкі істер органдарында 2014 жылдан бастап жұмыс істейді, жұбайы Нұрпеисова Раисамен 2 бала тәрбиелеуде. Жұмыстан бос уақытында отбасымен серуенге шыққанды ұнатады, шахмат, нарды ойнайды.
Ал полиция аға лейтенанты Сейіт Қайрат ішкі істер органдарында 2012 жылдан бері жұмыс істейді, жұбайы Сәрсенбаева Тотымен 3 бала тәрбиелеуде. Әріптестерінің арасында Қайрат өте сыйлы.
Патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Нұрлыбек Жаңабергеновтің айтуынша, жыл басынан бері облыс жолдарында тәртіп сақшылары күтпеген жағдайлардың құрбаны болған жүргізушілерге уақытылы бірнеше рет көмек көрсетілген.
Ауа-райының тұрақсыздығына байланысты Қызылорда облысының Полиция департаменті жүргізушілерге барынша мұқият болуды ескертеді. Ұзақ сапарға шығар алдында автокөліктің техникалық жағдайын тексеріп, күтпеген жерден жолда болатын көптеген жағдайларды алдын алуды, оқыс оқиғалар орын алған жағдайларда шұғыл қызметтерге немесе полицияға қоңырау шалуды сұрайды.
Қызылорда облысы Полиция департаментің баспасөз қызметі