Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғызстан Республикасының және Ресей Федерациясының арасындағы 1996 жылғы 26 ақпандағы азаматтықты алудың жеңілдетілген тәртібі туралы Келісімге (Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 30 желтоқсандағы Заңымен ратификацияланған) (бұдан әрі - Келісім) сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың жеңілдетілген тәртібіне Ресей Федерациясының, Беларусь Республикасының, Қырғыз Республикасының азаматтары жатады.
Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу және басқа Тараптың азаматтығын тоқтату үшін облыстардың ПД бастығының атына және біруақытта азаматтық мәселелері бойынша шешім қабылдайтын келген мемлекеттің лауазымды адамына шетел азаматтығынан бас тартқаны туралы нотариалды куәландырылған жазбаша өтінішхатпен (өтінішпен) жүгінеді.
Өтінішхатқа (өтінішке) мынадай құжаттар:
1) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сауалнама-өтініш;
2) өмірбаян (ерікті нысанда);
3) бұрынғы азаматтығынан бас тарту туралы өтініштің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
4) өлшемі 3,5 х 4,5 см. төрт фотосурет;
5) осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Заңның 1-бабында көзделген шарттарды сақтау туралы міндеттемесі;
6) жеке басын куәландыратын және Келісімге қатысушы елдердің біреуінің азаматтығына тиесілігін растайтын құжаттың көшірмесі;
7) туу туралы және неке туралы куәлігінің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
8) мемлекеттік баж төлеу және оны төлеуден боастылғаны туралы құжат қоса беріледі.
Қажет болған жағдайда шарттардың біреуінің бар екендігін растайтын жеңілдетілген тәртіппен азаматтықты қабылдауға қажетті құжаттар қоса беріледі. Туу туралы куәліктің, паспорттың, Қазақстан Республикасының аумағында туғандығын растайтын басқа да құжаттың көшірмелері, 1991 жылғы 21 желтоқсанға дейін тұрғылықты жері бойынша азаматтық алатын Тараптың аумағында тіркелгендігі туралы белгісі бар паспорт парағының немесе бұл туралы құзыретті орган анықтамасының көшірмесі, неке туралы, туу туралы куәлігінің көшірмесі немесе Қазақстан Республикасының азаматтарымен туыстық байланысын растайтын өзге де құжаттың көшірмесі пайдаланылады.
Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы 1957 жылғы 29 қаңтардағы конвенцияға (Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 29 қаңтардағы Заңымен ратификацияланған) сәйкес Қазақстан Республикасы аумағында заңды негізде тұрақты тұрып жатқан және Қазақстан азаматымен тұрмыста тұрған шетелдік әйел облыстардың ПД бастығының атына жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасы азаматтығын қабылдау туралы және біруақытта келген мемлекеттің азаматтық мәселелері бойынша шешім қабылдайтын лауазымды адамына шетел азаматтығынан жазбаша бас тартудың нотариалды куәландырылған өтінішхатпен (өтінішпен) жүгінеді
Өтінішке мынадай құжаттар қоса беріледі:
1) бұрынғы азаматтығынан бас тарту туралы өтініштің нотариалды куәландырылған көшірмесі;
2) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сауалнама-өтініш;
3) өлшемі 3,5х4,5 см төрт фотосурет;
4) осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Заңның 1-бабында көзделген шарттарды сақтау туралы міндеттемесі;
5) шетелдік мемлекеттің азаматтығына тиесілігін растайтын құжаттың көшірмесі;
6) неке туралы куәлігінің көшірмесі;
7) жұбайы - Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің көшірмесі;
8) мемлекеттік баж салығын төлегені немесе оны төлеуден босатылғаны туралы құжат.
Заңға сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан Республикасының аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын қандастар, өздерінің ерік қалауынан тыс азаматтығынан айырылған немесе азаматтығын жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргiннiң ақталған құрбандары, сондай-ақ олардың ұрпақтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың ПД бастықтарының атына өтінішхатпен (өтінішпен) жүгінеді.
Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхатқа (өтінішке) мынадай құжаттар тігіледі:
1) бұрынғы азаматтықтан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған өтініш;
2) осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сауалнама-өтініш;
3) өлшемі 3,5х4,5 см төрт фотосурет;
4) осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Заңның 1-бабында көзделген шарттарды сақтау туралы міндеттемесі;
5) жеке басты куәландыратын және басқа мемлекеттің азаматтығына тиесілігін растайтын құжаттың көшірмесі;
6) өмірбаян;
7) Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын қандастар – қандастың куәлігі;
8) жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар – жоғары оқу орнынан осы оқу орнында оқу фактісін растайтын анықтама;
9) жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар үшін ұлтын растау туралы анықтама;
10) мемлекеттік баж салығын төлегені немесе оны төлеуден босатылғаны туралы құжат;
Тұрақты тіркеуі жоқ қандастар тұрақты тұруға рұқсатты алу және Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) алу үшін ПД бастығының атына және біруақытта азаматтық мәселелері бойынша шешім қабылдайтын келген мемлекеттің лауазымды адамына шетел азаматтығынан бас тартқаны туралы нотариалды куәландырылған жазбаша өтінішхатпен (өтінішпен) жүгінеді. Өтінішхатқа (өтінішке) мынадай құжаттар тігіледі:
1) тұрақты тұруға рұқсатты алу және Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдауға тіркеу осы Қағидаларға 7-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сауалнама-өтініш;
2) бұрынғы азаматтықтан бас тарту туралы нотариалды куәландырылған өтініш;
3) осы Заңның 1-бабында көзделген шарттарды сақтау туралы міндеттемесі;
4) ұлттық паспортының, азаматтығы жоқ адамның құжатының көшірмесі және түпнұсқасы (салыстыра тексеру үшін);
5) бірлесіп өтініш берген кезде он алты жасқа толмаған баланың туу туралы куәлігі немесе жеке басын куәландыратын басқа құжаттың көшірмесі және түпнұсқасы (салыстыра тексеру үшін);
6) жеке өмірбаяны қазақ не орыс тілінде;
7) азаматтығы тиесілілігі немесе тұрақты тұратын мемлекетте соттылығы (соттылығының болмауы) туралы тиісті мемлекеттің құзыретті органы берген құжат (Қытай Халық Республикасы азаматтарының этникалық қазақтарын қоспағанда, егер халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе);
8) өтініш берушіге тұруға тұрғын үй ұсыну және тұрақты тіркеу есебіне қою туралы жеке немесе заңды тұлғаның нотариалды куәландырылған өтініші;
9) "Шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 664 бұйрығына сәйкес шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға келуге тыйым салынатын сырқаттардың бар-жоғы туралы шетелдіктің медициналық куәландыру туралы анықтамасы, (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7274 болып тіркелген);
10) 14-тен 18-ге дейінгі жастағы кәмелетке толмаған балалар ата-анасының өтінішіне өзінің нотариалды куәландырылған жазбаша келісімін қоса ұсынады;
11) өлшемі 3,5 х 4,5 см төрт фотосурет;
12) мемлекеттік баж салығын төлегені туралы құжат.