
Атыс қаруын қолдана отырып жасалатын қылмыстардың алдын алу, заңсыз қару айналымын болдырмау, азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылауды күшейту, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтау мақсатында 17–25 сәуір аралығында Қарағанды облысында «Мерген» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Соңғы уақытта тіркелген қарудың жоғалу жағдайларының жиілеп кетуі алаңдаушылық тудыруда. Мұндай фактілер қарудың заңсыз айналымға түсіп, қылмыс құралына айналуына себеп болуы мүмкін. Жыл басынан бері қаруды сақтау ережелерін бұзу және иелерінің немқұрайлылығы салдарынан 3 атыс қаруы жоғалған. Қарағанды облысының ПД азаматтарды ҚР «Жекелеген қару түрлерінің айналымын мемлекеттік бақылау туралы» Заңының 16-бабына сәйкес қару мен оқ-дәрілердің тиісті түрде сақталуын қамтамасыз етуге міндетті екенін ескертеді. Сақтау талаптарын бұзған тұлғаларға әкімшілік жауапкершілік көзделген, ал қайталанған жағдайда – қару иеленуге берілген рұқсаттың күші жойылып, үш жыл мерзімге қару ұстау құқығынан айырылады. Сонымен қатар, қаруды немқұрайлы сақтау салдарынан оның үшінші тұлғалардың қолына өтіп, ауыр зардаптарға әкеп соғуы қылмыстық жауапкершілікке себеп болады. Айта кету керек, тіркелмеген қаруды, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған азаматтар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Қарағанды облысының полиция департаменті азаматтық қару иелерін қаруды ұқыпты ұстауға, қолданыстағы заңнама мен сақтау талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Қалалық жерлерде тұратын азаматтарға қару сақтауға арналған күзет жүйелерінің жұмысқа жарамдылығын қамтамасыз ету маңызды.