
Қарағандыда жас сақшы сыныбының оқушылары ант қабылдады.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің Динамо денешынықтыру залында Жас сақшы сыныбы оқушыларының Ант қабылдау рәсімі өтті. Алдымен игілікті іс-шара еліміздің әнұранын орындаудан басталды.
Мектеп қабырғасынан бастап, нысандық киім киіп, болашағын құқық қорғау органымен байланыстырғысы келетін жас сақшы сыныбының оқушыларын ант қабыладу рәсімімен полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров құттықтады.
-Жас сақшыларымыз полицейлердің әр мектептегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі көмекшілері. Полиция департаменті басшылығының атынан оқушыларымызды ант қабылдау салтанатымен құттықтаймын. Оқуда озат болуға тілектеспін, -деді Жасқайрат Қайыров.
Полиция полковнигінің құттықтау сөзінен кейін, оқушылардың өміріндегі ең ұмытылмас сәт ант қабылдау басталды. 20 оқушы ішкі істер органында қызмет атқарып жүрген ағаларының алдында Отанға адал, оқуда озат, елдің патриоты болуға ант берді.
-Бүгін мен үшін қуанышты күн. Жас сақшы сыныбына кіруім, еліме қызмет етіп, патриот болғым келеді. Болашақта полиция қатарында қызмет атқарсам деген арманым бар,-деді 7-ші сынып оқушысы Аяру Жұмажан.
Ішкі істер министрінің нұсқауына сәйкес, қазіргі уақытта облыстағы білім ошақтарында жас сақшы сыныптарын ашу жүзеге асырылуда. Ондағы мақсат жастарды мектеп қабырғасынан бастап елге қызмет етіп, жастардың бойында ұлттық рухты көтеру дейді мамандар.
-Ішкі істер министрінің нұсқауына сәйкес былтырғы жылдан бастап облыс бойынша үш жас сақшы сыныбы ашылған болатын. Бұл мектеп қабырғасынан бастап оқушыларды ұлттық рухта тәрбиелеуге зор ықпалын тигізеді деп ойлаймын. Болашақта осындай сыныптарды көбейтіп елін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу басты мақсатымыз болып отыр,-деді полиция департаменті тәрбие және кадр жұмысы басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуаныш Медеубаев.
Оқушылардың ант қабылдау рәсіміне олардың ата-аналары, сонымен қатар ішкі істер органдарының ардагерлері де қатысты.
Салтанатты іс-шара барысында полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері қонақтарға қызметтік иттердің дайындығын көрсетсе, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері қоян-қолтық ұрыс жаттығуларын ұсынды. Жиын соңы жас сақшы сыныбы оқушыларының дифэле көрсетуімен аяқталды.