Теміртауда жедел басқару орталығы іске қосылады

Теміртауда жедел басқару орталығы іске қосылады

Теміртауда жедел басқару орталығы іске қосылады
Қарағанды облысының бас полицейі Негмет Исмагулов жұмыс сапарымен Теміртау қаласында болды. Алдымен полиция полковнингі қалалық полиция басқармасының ғимаратында биылғы жылы іске қосылатын жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.
Жедел басқару орталығына қала бойынша орнатылған 8 мыңнан астам бейнебақылау камераларының 3 мыңға жуығы қосылатын болады. Соның нәтижесінде тәртіп сақшылары қаланың криминогендік ахуалымен қоса, білім беру ұйымдары және балабақшалардағы қауіпсіздікті де қадағалауға мүмкіндіктері болады. Жедел басқару және ситуациялық орталықтың жұмыстарын қадағалап, жақын арада іске қосуды тапсырған өңірдің бас полицейі полиция басқармасының мәжіліс залында жеке құраммен кездесті. Ондағы мақсат тәртіп сақшыларына ішкі істер министрінің қойған тапсырмаларын жеткізіп, қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бағытында міндеттер жүктеу.
-Әр қылмыстың артында адам тағдыры тұр. Сондықтан біз қылмысты ашу және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында тиісті жұмыстарды жүргізуіміз керек. Жолдағы қауіпсіздік те басты назарда болуы қажет,-деді кездесу барысында Негмет Исмагулов.
Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, Теміртау қаласында тәртіп сақшыларының атқарған жұмыстарының нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың саны азайып, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, алаяқтық, интернет-алаяқтығы сияқты қылмыстардың тіркелуі төмендеген. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандырып, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстарды азайтуды тапсырған департамент бастығы биылғы жыл минисрдің нұсқауымен профилактика жылы болып жарияланғанын да еске салды.
-Ішкі істер министрі биылғы жылды профилактика жылы деп белгіледі. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар басты назарда болуы керек. Заң мен тәртіп қағидатын халыққа түсіндіріп, оның орындалысы әрқайсымыздың күнделікті жұмысымызға айналуы тиіс,-деді полиция полковнигі Негмет Исмагулов. Теміртау қалалық полиция басқармасының жеке құрамымен кездесу соңында департамент бастығы қызмет барысында алдыңғы қатардан көрініп, лауазымдық міндеттерін адал орындаған бірқатар полиция қызметкерлерін марапаттады.