Қарағанды жастары есірткі мен қылмысқа қарсы
Достық үйде Қарағандының белсенді студент жастары үшін TEDx форматында кездесу ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты нашақорлыққа қарсы іс-қимыл жасау және жасөспірімдер арасында кездесетін қылмыстың алдын алу болды.
Кездесу барысында Қарағанды қалалық Полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері студенттерге есірткіні қолдану және тарату кезінде қолға түскен жағдайда көзделетін жауапкершілік пен қатар денсаулыққа, сондай-ақ жастар болашағына тигізетін зардаптары туралы баяндады. Сонымен қатар залға жиналған жастарға есірткі бизнесінен "оңай" ақша табу бойынша еліктіретін уәделер түбінде түрме жазаларына айналатынын атап өтілді.
Ювеналды полиция өкілдері кәмелетке толмағандар арасындағы құқыққа қайшы әрекеттердің құқықтық салдарын түсіндірді. Студенттер жауапкершілікке, қырағылыққа және жанжалды жағдайлардан аулақ болуға шақырылды. Қатер туындаған жағдайда, жастарға дереу полициядан көмек сұрауға кеңес берілді. Іс-шара қарағандылық студенттер арасында есірткіге қарсы насихатты күшейтуге және құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған.