
Қарағандыда жоғалған қызды полиция қызметкерлері бір күн өткен соң тауып алды.
5 ақпан күні кешкілік уақытта Михайлов полиция бөліміне сол аумақта тұратын азаматша арызбен жүгінді. 31 жастағы қарағандылық қала тұрғыны, сабақ уақыты аяқталғаннан кейін, күн сайын 18:00-де әжесіне дүкенге барып жүретін 12 жастағы қызы үйге келмегенін арызында көрсеткен. Сабақтан соң жоғалған баласы әжесіне барғанымен үйіне қайтып оралмаған. Алдымен арызданушылар баланы өздері іздеп, одан нәтиже болмаған соң полицияға арызданған. Арыз түскен соң санаулы уақытта жоғалған қыз туралы ақпарат барлық полиция бөлімдеріне және патрульдік полиция экипаждарына таратылды. Полиция қызметкерлерімен бірге қызбаланы іздеуге волонтерлер де қатысты. Іздеу жұмыстарына бір тәулік өтсе де, нәтиже болмады. 6 ақпан күні кешкілік уақытта Майқұдық автостанциясының маңында қызмет атқарып жүрген патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторлары Бақтияр Жүнісов пен Әділхан Салықпаев сол маңда жалғыз тұрған қызды байқап қалды. Қас қарайғанда бұл маңда баланың жалғыз жүргені тәртіп сақшыларының назарын аударған. Тәртіп сақшылары бұған дейін өздеріне берілген бағыттаманы көтеріп, іздеудестіріліп жатқан бала екеніне көз жеткізген. Бірден полиция қызметкерлері бала мінгелі жатқан автобусты тоқтатып үлгеріп, баланың табылғаны туралы Жедел басқару орталығына хабарлаған.
Медициналық тексеруден кейін қыз анасына аман-есен тапсырылды.