
Аудандық полиция қызметкерлері жолда қалған шетелдіктерге көмек көрсетті
Өткен жүмада аудандық маңызы бар "Шоқай-Приишимское" автожолында көрші мемлекеттің тұрғындары қар құрсауында қалды. Астанаға бет алған оларды бұл қосалқы жолға "2ГИС" жүйесі бағыттаған. Ауа райының мұндай тосын мінезін күтпеген шетелдіктер қар басқан жолда тұрып қалды.
Жолда қалған шетелдіктерге Осакаров ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары көмекке келді. Полиция қызметкерлері әкімшілік аумақ бойынша патрульдеу кезінде боран, нашар көріну және қар үйінділеріне қарамастан "Шевроле Кобальт" автокөлігін байқап қалды.
Саяхатшылар қар құрсауында шамамен екі сағат болған. Көлікте ересектермен бірге екі бала да болған. Шетелдіктер полиция қызметкерлеріне алғыстарын білдіріп, Қарағандыға қарай жол тартты.