Қарағанды облысында қылмыс деңгейі төмендеді
Қарағанды облысында ауыр және аса ауыр қылмыстар саны азайды. Тонау, бұзақылық және өлімге әкелген ауыр дене жарақаттарын жасау оқиғаларының саны қысқарды. Алдын алу жұмыстарының арқасында алаяқтық, соның ішінде киберқылмыстар саны да төмендеген.
2024 жылы облыстың полиция қызметкерлері атқарған жұмыс көрсеткіштері Қазақстан Республикасы ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов пен Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Еділ Жұбановтың қатысуымен өткен қорытынды жиында талқыланды.
Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагуловтың айтуынша, өткен жылы мал ұрлығына қарсы күреске ерекше назар аударылған. Бұл шара мал шаруашылығын – аймақтың негізгі саласын қорғаудың маңызды бөлігі болып табылады.
«Қыркүйектен желтоқсанға дейінгі ет дайындау кезеңінде (соғым) республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарда 18 мобильді бекет жұмыс істеді. Осы уақыт ішінде 4 857 көлік тексеріліп, ет өнімдерін құжатсыз тасымалдағаны үшін 236 әкімшілік хаттама толтырылды. Тас жолдардағы мал тасымалдау көліктерінен екі мал ұрлығы анықталды. 18 мал ұрлығына қатысы бар 25 адамның қылмыстық әрекеті тоқтатылып, сегіз эпизодты мал ұрлығын жасаған төрт қылмыстық топ әшкереленді. Бұл шаралар мал ұрлығы деңгейін төмендетуге мүмкіндік берді», – деп мәлімдеді Негмет Исмагулов. Өткен жылы есірткі қылмысына қарсы күрес саласында 377 құқықбұзушылық, соның ішінде 189 қылмыс анықталды. Есірткі бизнесімен айналысқан 16 адамнан тұратын ұйымдасқан топтың әрекеті тоқтатылды. Есірткі сатудан түскен 43 миллион теңге кірісті заңдастыру фактісі анықталды. 9 кг мефедрон, 1,5 тонна прекурсор және 265 кг марихуана тәркіленді.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Бес қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. 78 адам, оның ішінде алты жетекші мен 23 ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі қамауға алынды. Аймақтағы «Qarmet», «Қазақмыс» және «Nova Цинк» секілді ірі кәсіпорындарда тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлау схемаларын ұйымдастырған топтар анықталды. Олардың әрекетінен келген шығын 1,5 миллиард теңгеден асты. 22 адам қамауға алынды.
Жыл қорытындысын шығара отырып, Қанат Нұрмағамбетов Қарағанды облыстық ПД аумақтық бөлімшелерінің бірқатар басшыларының есебін тыңдап, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің тапсырмаларын жеткізді. Ол құқықбұзушылықтардың алдын алу саласында мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар және азаматтар арасындағы өзара әрекеттестікті күшейту қажеттігін атап өтті. «Құқықбұзушылықтардың алдын алу – құқық қорғау органдарының маңызды бағыттарының бірі. 2025 жыл Ішкі істер министрімен полиция заң мен тәртіпті қорғауда профилактика жылы деп жарияланды. Алдымызда азаматтардың құқықтық санасын арттыру және алдын алу шараларын күшейту міндеттері тұр. Азаматтық қоғаммен бірлесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған жаңа құралдарды әзірлеу қажет», – деді ол.
Жиын қорытындысы бойынша аумақтық бөлімшелердің басшыларына қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту және жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды қатаң тоқтату тапсырылды.