Қарағандыда учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың слеті өтті

Қарағандыда учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың слеті өтті

Қарағандыда учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың слеті өтті
Қарағанды облысының полиция департаментінде учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлардың слеті өтті. Оған департамент бастығы Негмет Исмагулов төрағалық етті. Іс-шараға сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей қатысты.
— Құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мен құқық бұзушылықтардың алдын алуда сіздер, учаскелік инспекторлар мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, алдыңғы шепте жүрсіздер. Сіздердің жұмыстарыңыздың тиімділігі азаматтарымыздың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Учаскелік инспекторлар кәсіби деңгейін үнемі арттырып, халықпен тұрақты байланыс орнатып, туындаған қауіптерге дер кезінде әрекет етуі қажет. Егер қызметкер өз жұмысын сапалы атқарса, оның аумағында әрдайым тәртіп болады, — деп атап өтті департамент бастығы.
Слет барысында өткен жылдың қорытындылары шығарылып, Жаңа жыл қарсаңындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері және үздік тәжірибелерді кеңейту талқыланды. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, бүгінде аймақтағы 63 елді мекеннің тұрғындары өз ауылдарында алкоголь өнімдерін сатуды және ішуден бас тартып, ішімдіксіз ауыл жобасын жүзеге асырған. Соның нәтижесінде бұл елді мекендерде бірде-бір құқық бұзушылық тіркелмеген.
— Полиция қызметкерлері күнделікті азаматтарымыздың тыныштығын қорғайды. Біз өз тарапымыздан олардың жұмысын қолайлы ету үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Биыл облыстық бюджет есебінен полицейлерге 200 автокөлік сатып алынды, сондай-ақ облыс орталығында бірнеше мобильді полиция бекеті ашылды. Облыс әкімі мен әкімдік атынан полицейлерге еңбегі үшін алғысымды білдіремін, — деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей. Учаскелік инспекторлардың беделін арттыру және олардың қызметін ынталандыру мақсатында 2023 жылдан бастап облыс әкімінің «Мамандығы бойынша үздік» номинациясы бойынша жыл сайынғы байқау өткізіледі. Байқау жеңімпаздарына облыс әкімінің 2 миллион теңге көлеміндегі сыйақысы тағайындалады. Әкімінің орынбасары жеңімпаздарға ақшалай сертификаттарды табыстады. «Қалалық жердегі үздік учаскелік инспектор» номинациясы бойынша жеңімпаз — Қарағанды қаласы ПБ Оңтүстік-Шығыс бөлімінің учаскелік инспекторы Айдын Булкенов, ал «Ауылдық жердегі үздік учаскелік инспектор» номинациясы бойынша жеңімпаз — Қарқаралы ауданы полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Ернұр Атке́нов атанды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Әлібек Әлденейге Қазақстан Республикасы ІІМ-нің алғыс хатын табыстады.
— Өз атымнан және полиция департаментінің жеке құрамы атынан Қарағанды облысының әкімдігіне қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және департаменттің материалдық-техникалық базасын дамыту мәселелерінде тығыз ынтымақтастық пен қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіремін, — деді Негмет Исмагулов.
Сондай-ақ «Мамандығы бойынша үздік» номинациясы бойынша облыстық байқаудың жеңімпаздары — учаскелік инспекторлар, ювеналды және патрульдік полиция инспекторлары департамент грамоталарымен және ҚР ІІМ символикасы бейнеленген сағаттармен марапатталды.