
Audi-дегі жылқы: полиция ерекше жолаушыны тоқтатты
Қарағанды облысы Нұра ауданындағы патрульдік полиция қызметкерлері 11 желтоқсан күні республикалық маңызы бар "Нұра-Теміртау" автожолында Audi маркалы автокөлікті тоқтатты. Көлік ішін тексеру барысында тәртіп сақшыларын таңқалдырған ерекше жолаушы – тірі жылқы табылды.
Көлік жүргізушісі, Бұқар Жырау ауданының тұрғыны, жылқының тиесілігі мен оны тасымалдауға байланысты қандай да бір құжаттарды ұсына алмады. Құқық бұзушыға жүк пен багажды тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, іс материалдары ветеринариялық инспекцияға жіберілді.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жылқының нақты иесін анықтау жұмыстарын жүргізуде, сондай-ақ жануардың бұрын жасалған мал ұрлығы қылмыстарына қатысы бар-жоғын тексеруде.
Айта кетейік, 7 қазанда басталған "Мал ұрлығы" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Нұра ауданы полициясы мал мен ет өнімдерін заңсыз тасымалдаудың 37 фактісін анықтады. Оның ішінде 20 жағдайда жүргізушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.