
Қарағанды автовокзалында қарақшылар ұсталды
Қарағанды қаласының патрульдік полиция полкінің қызметкерлері тонау оқиғасына қатысы бар күдіктілерді жылдам анықтап, ұстады. 4 желтоқсан күні сағат 12.00 шамасында жедел басқару орталығынан қала даңғылдарының бірінде тонау оқиғасы болғаны туралы хабарлама түсті. Бірнеше минут ішінде полиция оқиға орнына келді. 46 жастағы жәбірленуші өзінің банк несиесін рәсімдеп, ақшаны санаған сәтінде белгісіз екі адамның қолынан 137 мың теңгені жұлып алып, қашып кеткенін айтты. Жәбірленуші күдіктілердің сыртқы белгілерін сипаттап, олардың жасы шамамен 35-40-та екенін мәлімдеді. Полиция қызметкерлері дереу көршілес аудандарды тексеруге кірісті. Жедел іс-қимыл нәтижесінде күдіктілер автовокзал аумағында ұсталды. Олар – 36 және 45 жастағы екі азамат, өздерін Қарағандыдан кетуге әрекеттенгендерін мойындады. Полицейлердің жедел әрекеті күдіктілердің жоспарын жүзеге асыруына мүмкіндік бермеді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта ұсталғандардың әрқайсысының кінәсінің дәрежесі анықталуда.