
Теміртауда алаяқ жасөспірімнен мопедті алып кеткен
Қарағанды облысы Теміртау қалалық полиция басқармасы Ескіқалалық полиция бөлімінің қызметкерлері 19 жастағы жігітті алаяқтық жасады деген күдікпен ұстады. Ол 17 жастағы жасөспірімнен мопедті уақытша мініп, кейін қайтаратынын айтып, алдап алған.
Жасөспірім сенім білдіріп, екі доңғалақты көлік құралын күдіктіге берген. Алайда күдікті мопедті мініп, оқиға орнынан қашып кеткен. Залал сомасы 200 мың теңгені құрады.
Күдікті өз кінәсін толық мойындады. Мопед жәбірленушіге қайтарылды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.