
Қарағандылық полицейлер автокөліктен бірнеше ұрлық жасаған күдіктілерді ұстады.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөлімінің қызметкерлерімен «Автокөлік» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Іс-шараның мақсаты автокөліктен бағалы заттар ұрлаудың алдын алу және автокөлік айдап әкетуді болдырмау болды. Жедел алдын алу іс-шарасын тиісті деңгейде өткізу, сонымен қатар бұрын осы санатта жасалған қылмыстарды ашу мақсатында криминалдық полиция және жергілікті полиция қызметі бөліністерінің қызметкерлерінен жедел-тергеу тобтары құрылды. Жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында полиция қызметкерлерімен жеңіл көліктерден бірнеше ұрлық жасады деген күдікпен 40 жастағы қала тұрғыны ұсталды.
Тергеу әрекеттері барысында оның көлік терезелерін бұзу арқылы ұрлық жасаудың үш дерегі анықталды. Күдікті қылмысын бір маркалы көліктерден ғана жасағаны және бұндай ұрлықтарды Қарағанды-Теміртау қалаларында жасағаны белгілі болды. Күдіктіден айғақ заттар алынып, қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азаматқа қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қабылданды.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылар автокөлік айдап әкету дерегіне қатысы бар деген күдікпен 30 жастағы қала тұрғынын ұстады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.