Қарағанды облысының полиция департаментінің ғимаратында киберқылмыстарды тергеу орталығы ашылды. Полицейлердің ауқымды профилактикалық жұмысына қарамастан, адамдар алаяқтардың арбауына әлі де түсуде. Биылғы жылдың басынан бері облыс полицейлері интернет-алаяқтықтың 1129 фактісін тіркеп, оның 436-сы ашылды. -Бүгінде азаматтарды толғандыратын мәселелердің бірі – интернет-алаяқтық. Тек соңғы төрт жылдың ішінде Қарағанды облысында құқық бұзушылықтың осы түрінен келтірілген жалпы шығын 3,5 миллиард теңгеден астамды құрады. Ал киберқылмыспен күрес – құқық қорғау органдары жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларының ішкі істер бөлімдерінде бұрын ашылған киберполиция бөлімшелері өз тиімділігін көрсетті. Ал Орталықтың міндеті – олардың арасындағы үйлестіру мен өзара іс-қимылды күшейту, сол арқылы цифрлық технологиялар саласындағы қылмыспен күрестің тиімділігін арттыру», – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Утеуов. Сонымен, Қарағанды қаласы ПБ Оңтүстік-шығыс полиция бөлімі Қарағанды облысының тұрғындарына қатысты интернет-алаяқтық бойынша 11 эпизод бойынша қылмыстық істі аяқтады. Бас айыпталушы 18 жастағы жас жігітке сот үкім шығарды.