
Қарағандылық тәртіп сақшылары есірткі сатумен айналысқан азаматшаны қолға түсірді.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының қызмекткерлеріне 25 жастағы қала тұрғыны есірткі сатумен айналысатындығы туралы ақпарат түскен. Ақпарат бойынша тәртіп сақшылары күдікті деген азаматшаға қатысты бақылау жүргізді. Бұған дейін бұл азаматша тәртіп сақшыларының назарына еш ілікпеген. Сондықтанда есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері берілген ақпараттың растығына күмәнмен қараған. Алайда, күндердің күнінде ол азаматша қаладағы көпқабатты үйлердің біріне барып, кейін белгісіз бір азаматқа бір орам зат берген. Берілген заттың көлемі полицейлердің назарын аударып, бірден ол қолға түсті. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат жалпы салмағы 105 граммнан астам «Мефедрон» есірткісі екені белгілі болды.
Полиция қызметкерлерімен азаматша кірген пәтерді тексеріліп, ол жердің есірткі сақтайтын жер екені белгілі болды. Пәтерден тәртіп сақшылары 240 граммнан аса «Мефедрон» есірткісі және электрондық таразы тәркіленді. Есірткі сатушыдан тәркіленген заттардың жалпы салмағы 348 граммды құрады. Азаматшаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.