Қарағанды облыстық полиция департаментінде нәзік жанды арулар арасында көпсайыстан турнир өтті. Көктемнің алғашқы мерекесі, 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай, Қарағанды облыстық Полиция департаментінде қызмет атқаратын нәзік жанды арулар арасында көпсайыстан турнир өтті. «Динамо» денешынықтыру залында пагон таққан арулар кроссфит, аэробика, ауыр атлетика, гимнастика, үстел тенисі және Макаров тапаншасын атудан бақтарын сынады. Спорт сайысының ашылу салтанатын Полиция департаменті бастығының орынбасары Дәурен Ибраев ашып, ерлермен қатар қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау жолында еңбек етіп жатқан аруларға спорт сайысында жеңіс тілеп, алда келе жатқан мерекелерімен құттықтады. Күн ұзаққа созылған сайысқа 36 нәзік жанды ару 12 команда болып бақ сынасты. Жарыстың қорытындысы бойынша кроссфит сайысынан бірінші орынды Орталық Полиция бөлімінің қызметкері Нұрайлым Арықбаева жеңіп алса, екінші орынды Дарья Корикова (Абай ауданының ПБ), ал үшінші орынды Айгерім Боранбай (Орталық ПБ) місе тұтты. Үстел тенисі бойынша бас жүлдені Альвина Булеца (Михайлов ПБ), екінші орынды Айгерім Айтуова (Абай ауданының ПБ), ал үшінші орынды Сая Камзина (облыстық ПД) қанжығасына байлады. Құралайды көзге атып, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шаққан арулардың қатарынан ысылып шығып, бірінші орынды Айгүл Аманжолова (Теміртау қ.ПБ), екінші орынды Айсәуле Жеңісқызы (Қарағанды қ.ПБ), ал үшінші орынды Әлия Тәженова (Октябрь ПБ) жеңіп алды.
Жалпы командалық есеп бойынша бірінші орынды Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөлімі, екінші орынды Абай аудандық полиция басқармасы, ал үштікті Оңтүстік –Шығыс полиция бөлімі қорытындылады. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен кубок және медальдармен марапатталды