Полиция департаментінде Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің жауынгерлік және даңқ мұражайында жас қызметкерлердің қатысуымен Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күніне орай мерекелік іс-шара болып өтті. Аталған шараға сол зұлмат кезеңді басынан кешіп, кейін ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарған ардагерлер Ерлан Окубаев, Ержан Сауренбаев, Алексей Кравец, Салкен Байсеитов, Төлеуғазы Мұсатаев, Жұматай Жанбеков, Игорь Кудряшов, Рустам Эрбутаев, Ертай Әбенов, Владимир Таберт және Хамза Мұсаев арнайы шақырылды. Мерекелік іс-шараға келген ардагерлерді департамент бастығы, полиция генерал-майоры Санжар Әділов құттықтады. -Бүгін Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылған күні қарсаңында біз сіздердің өшпес ерліктеріңізбен антқа адалдықтарыңызға бас иіп, алғыс айтамыз. Сіздердің ұрыс даласындағы жан кешті еңбектеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Әрқайсыңыздың еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық тілеймін,-деді полиция генерал-майоры.
Сондай-ақ, ұрпаққа үлгі боларлық іс жасап, полиция сапында абыройлы қызметпен зейнетке жеткен ардагерлерді, Қарағанды облысы Ішкі істер органдары және Ұлттық Ұлан ардагерлер кеңсінің төрағасы Жұман Нұрпейісовте құттықтап, жақсылық тіледі.
Ардагерлер алдында сөз алған жас қызметкер Мадина Жанкеева ардагерлерге жастар атынан алғысын білдіріп, оларды әрқашан өздеріне үлгі тұтатынын атап өтті.
Шара барысында департамент бастығы Санжар Әділов ардагерлерге алғыс хат табыстады. Мерекелік іс-шара соңы Полиция департаменті көркем өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.