
Қарағанды облысында мал ұрлығымен айналысқан қылмыстық топ құрықталды.
Былтырғы жылдың соңында Қарағанды облысы, Бұқар-Жырау аудандық полиция басқармасына ауданның екі тұрғыны арызбен шағымданды. Жәбірленушілер тәртіп сақшыларына бірінің қорасынан 12 бас қой ұрланғанын айтса, екіншісінен жылқы ұрланғаны белгілі болды. Жәбірленушілердің әрқайсысына келтірілген шығын көлемі 600 мыңнан болған. Мал ұрлығының алдын алу мақсатында, полиция қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылып, қылмыстың ізін кесу үшін тиісті жұмыстар жүргізілді. Жүргізілген кешенді жұмыстар барысында полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар 19 бен 21 жас аралығындағы азаматтардың ізіне түсті. Жас жігіттер оңай олжа табу мақсатында алдымен 12 қой ұрлап, етті базарға өткізіп, ақшаларын өзара бөлісіп отырған. Сонымен қатар, ұрланған жылқыны да сатып жібергені анықталды. Бұқар-Жырау аудандық полиция басқармасы криминалдық полиция қызметкерлері «Арлан» арнайы мақсаттағы жасақ қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген жедел әрекеттер барысында күдіктілер ұсталды. Олардың бірінің үйіне жүргізілген тінту жұмыстары барысында қой терілері және 1 қой тәркіленіп алынды. Мал иесі өзінің малын таныды. Сонымен қатар ұрыларды етті сатып алушылар да таныды. Алты күдіктінің төртеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған деректер бойынша қозғалған қылмыстық істің негізінде күдіктілердің осыған ұқсас басқада қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.