
Қарағандылық полицейлер велосипед ұрлығымен айналысқан күдіктіні ұстады.
Қарағанды қалалық Полиция басқармасына 51 жастағы азаматша арызбен шағымданып, белгісіз біреу үйінің дәлізінде тұрған велосипедін ұрлап кеткені туралы арызданған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 100 мың теңгені құрады. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 32 жастағы Шахтинск қаласының тұрғыны ұсталды. Белгілі болғандай , күдікті таңертеңгілік уақытта Қарағанды қаласына қоғамдық көлікпен келіп, көпқабатты үйлердің дәліздерін аралаған. Сөйтіп, дәліз есігі ашық тұрған бір үйге кіріп, алдынан кездескен велосипедті алып кеткен. Одан айғақ зат тәркіленді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас тағыда бір қылмысқа қатыстылығы анықталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу амалдары жүргізілуде.