Қарағандылық полицейлер студенттерге интернет-алаяқтығының жасалуы мен оның алдын алу бойынша дәріс оқыды. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен «2023-2025 жылдар аралығында киберқылмыстың оның ішінде, телефон және интернет-алаяқтығының алдын алуға арналған бағдарламасы» аясында үнемі кездесулер өткізіп, халық арасында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп келеді. Мәселен, облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасына қарасты киберқылмыстарға қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің студенттерімен кездесіп, жоғарыда аталған мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы түсіндіру жүргізді. -Іс-шараның негізгі мақсаты студенттер арасында құқықтық сауаттылықты арттырып, жастардың қылмысқа бой алдырмауына тосқауыл қойу. Кездесу барысында студенттерге интернет-алаяқтығы қылмыстарында кездесетін «дроппер» болмау бойынша ақпарат жеткізілді. Мысалы, биылғы жылы интернет-алаяқтығы қылмыстарымен жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында қылмыскерлерге қолқабыс жасап, дроппер болған 229 студент анықталды. Сондықтанда бұндай фактілерге жол бермеу үшін біз бұндай кездесулерді үнемі өткізіп тұрамыз,-деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Арман Қайрақбаев.