Қарағандыда ұрланған көлікпен ұрлық жасамақшы болған азамат ұсталды

Қарағандыда ұрланған көлікпен ұрлық жасамақшы болған азамат ұсталды

Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне аумаққа қарасты көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан автокөлік ұрланғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орынына бірден жедел-тергеу тобы жіберілді. 24 жастағы жәбірленуші таңертеңгілік уақытта жұмысқа баруға шыққанда өзінің ауласында тұрған көлігін белгісіз біреулер ұрлап кеткенін хабарлаған. Оған келтірілген шығын көлемі 800 мың теңгені құраған. Қалалық полиция басқармасы, жедел басқару орталығының қызметкерлерімен бейнебақылау камераларының жазбаларына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, ұрланған көлік қала көшелерінің бірінде анықталды. Қолданылған жедел әрекеттер барысында полиция қызметкерлері көлікті 29 жастағы азаматтың басқаруында ұстады. Көлікке жүргізілген тексеріс барысында тәртіп сақшылары басқа көліктен ұрланған аккумулятор, магнитолла дауыс ұлғайтқышын тәркіледі. Белгілі болғандай, осы ұрлыққа дейін, бір сағат бұрын күдікті жигули автокөлігінің терезесін сындырып, жоғарыда аталған заттарды ұрлап әкеткен.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 188 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.