
"Канал-тосқауыл" және "Қарасора" жедел-алдын алу іс-шаралары шеңберінде Қарағанды облысы Абай ауданы ПБ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау және өткізу күдігі бойынша 31-жастағы күдіктіні ұстады. Тінту барысында полицейлер ұсталған адамның сөмкесінен ақ түсті ұнтақ заты бар тоғыз ораманы тауып алған. Сонымен қатар, олар күдіктінің сөйлеу ерекшелігіне назар аударды. Дәлелді жасыру үшін есірткі дилері ұнтақ зат салынған тағы бір ораманы аузына жасырғаны белгілі болды. Ол кінәсін мойындап, бұрын қала базарларының бірінің маңында синтетикалық есірткінің бірнеше орамасын жасырын қоймаларға салғанын айтты. Ұсталған адамның айғақтарын тексеру және нақтылау кезінде полицейлер ақ түсті затпен бес орамасын тауып, тәркіледі. Алынған "синтетиканың" жалпы салмағы 8 грамнан асты.Тиісті сараптамалар тағайындалды. ҚР ҚК-нің 297-бабы бойынша "Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестердің аса ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, оларды жөнелту не өткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.