
25 тамыз күні Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде облыстың күш құрылымдары қызметкерлерінің арасында шағын-футбол, волейбол, үстел тенисі және арқан тартудан спартакиада өтті. Шараны Қарағанды облыстық полиция департаменті ұйымдастырды.Спорт сайысына 10 команда, атап айтқанда: облыстық прокуратура, «Орталық» өңірлік қолбасшылығы командасы, Мамандандырылған мемлекеттік күзет қызметі, Қылмыстық атқару жүйесі департаменті, Ішкі істер министрлгі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы, Мемлекеттік кіріс департаменті, облыстық сот, Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті, Ұлттық қауіпсіздік департаменті және облыстық Полиция департаменті қатысты.Шараның ашылу салтанатында Экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағанбетов және облыстық Полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов спорт сайысына қатысушыларды алда келе жатқан Ата заң мерекесімен құттықтап, байрақты бәсекеде сәттілік тіледі.Күн ұзаққа созылған іс-шара өте тартысты өтті. Әр команда өздері үкілеп қосқан күш құрылымның намысын қорғау үшін жан аясып қалмады. Жарыс қорытындысы бойынша үстел тенисінен үздік өнер көрсетіп, үшінші орынды облыстық прокуратура қызметкерлері иеленсе, екінші орынды Полиция департаменті, ал жүлделі бірінші орынды Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаментінің спортшылары қанжығаларына байлады.Спартакиаданың шағын футбол жарысынан үшінші орынды Мамандандырылған мемлекеттік күзет қызметі місе тұтса, екінші орынды Полиция департаменті ал бірінші орынды Ұлттық қауіпсіздік коммитеті департаменті жеңіп алды.Волейболдан ала допты әуеде иіріп, үздік өнер көрсетіп, үшінші орынды Қылмыстық атқару жүйесі департаменті жеңіп алса, екінші орынды «Орталық» өңірлік қолбасшылығы командасы, ал жүлделі бірінші орында облыстық Полиция департаментінің командасы алдына жан салмады.Байрақты бәсекенің соңында әр команда арқан тартуда бақ сынап, кіл мықтыны анықтады. Сайдың тасындай жігіттер бұл сайысқа келгенде жан аясып қалмады. Өйткені күн ұзаққа созылған сайыстың осы түрінің соңында жалпы командалық есеп шығарылатыны белгілі. Сөйтіп, арқан тартудан үшінші орынды облыстық Полиция департаментінің командасы жеңіп алса, екінші Қылмыстық атқару жүйесі департаменті, ал бірінші орынды Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаменті жеңіп алды.Осыдан соң күн ұзаққа созылған жарыстың әр түрінен алған орындар бойынша жалпы командалық қорытынды шығарылды.Ата заң мерекесіне орай өткен спартакиаданың жалпы командалық қорытындысы бойынша үшінші орынды Қарағанды облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік департаменті, екінші облыстық Полиция департаменті, ал жүлделі бірінші орынды Қарағанды облысы бойынша Қарағанды облысы бойынша Мемлекеттік кіріс департаменті жеңіп алды.Жеңіс тұғырынан көрінген барлық командаларға медальдармен бағалы сыйлықтар табысталды.