
Өткен жылы Қарағанды қаласындағы футбол алаңында орнатылған қақпаның баланың үстіне құлау дерегі болған еді. Осыған орай, бұндай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында, оқу жылының алдында полиция қызметкерлері мектеп аулаларындағы спорт алаңдарының техникалық жағдайына тексеріс жұмыстарын жүргізді. -Негізінен біз футбол алаңдарын тексердік. Қарағанды қаласының аумағында 171 футбол алаңы бар. Оның 138 бүгінгі күнге дейін тексерілді, ал 33 –де орнату жұмыстары әлі жалғасуда. Тексеріс барысында 13 алаңнан қателіктер табылды. Ол спорт инвентарларының нашар бекітілуі, негізгі тіректерінің осал болуы, қоршауларының бүлінуі және кейбір жерлерде үзілген электр кабельдері болды,-деді Қарағанды қалалық полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин. Қазіргі уақытта спорт алаңдарын салып жатқан мердігер компаниялар полиция қызметкерлері тапқан кемшіліктерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.