Қарағанды қаласында облыстық полиция департаментіне қарасты аумақтық бөліністердің қызметкерлерінің қатысуымен жалпы саптық таратылым өтті. Шара барысында сап түзелген тәртіп сақшыларының алдына мемлекеттік туымыз шығарылып, әнұран орындалды. Осыдан кейін облыс орталығында қоғамдық қауіпсіздікті сақтап, қылмыстың алдын алуға тәуліктік қызметке түсетін тәртіп сақшыларының алдында департамент бастығы Санжар Әділов сөз сөйлеп, қызмет барысында тұрғындармен ілтипатты қарым-қатынас жасау, құқық бұзушылыққа жол бермеу, азаматтардың конститутциялық құқықтарын қорғау бағытында тапсырмалар берді. Департамент бастығының әріптестеріне берген нұсқамасынан кейін, бастықтың бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов жеке құрамға қызмет өткеруге пәрмен беріп, жалпы саптық таратылымға жиналған полиция қызметкерлері салтанаттық шерумен өтті. Жалпы саптық таратылымнан кейін, полиция генерал-майоры Санжар Әділов патрульдік полиция полкі қызметкерлерінің қызметтік автокөліктерін тексерді. Департамент бастығына тәртіп сақшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында қызметтік автокөліктеріне қойылған ескертпе үнпарақшаларын көрсетті.