
Халықаралық балаларды қорғау күніне байланысты Қарағанды облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері қалалық полиция басқармасымен бірлесіп, хайуанаттар бағында балаларға арналған мерекелік іс-шара өткізді. Аталған шараға облыстың бас сақшысы Санжар Әділов қатысып, балаларды мерекемен құттықтады. -Барша балаларды Халықаралық балалар күнімен құттықтаймын. Балаларымызға зор денсаулық жетістіктер тілеймін. Сіздер еліміздің нағыз патриоты болып өсулеріңізге тілектеспін,-деді полиция генерал-майоры. Департамент бастығының құттықтау сөзінен кейін мерекеге орай балалар арасында менің әкем полицей атты өткізілген сурет байқауының қорытындысы шығарылды. Жалпы байқауға 100 ге жуық баладан аталған тақырыптағы сурет түскен. Оның ішінен қазылар алқасы ең үздік 30 жуық суретті таңдап алса, олардың арасынан алғашқы үш орынды жеңіп алғандарды департамент бастығы Санжар Әділов марапаттады. Марапаттау салтанатынан кейін, мерекелік іс-шараға жиналған балаларға кадет сыныбының оқушылары домырамен күй орындаса, №21 ші орта мектептің бүлдіршіндері домбыра биін биледі. Балалардың есінде қалатын ең қызықты сәт ортаға жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлерінің шығуы болды. Беттеріне бетперде таққан тәртіп сақшылары өздерінің жұмысынан яғни, қоян-қолтық ұрыс, қылмыскерді құрықтау кезінде қолданатын тәсілдерін көрсетті. Көрнекі жаттығулар соңында жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың жауынгерлері көк туымызды көкке көтеріп, балалардың қошеметіне бөленді. Түске дейін жалғасқан мерекелік шара барысында балалар тәртіп сақшыларымен фотосуретке түсіп, хайуанаттар бағын емін-еркін аралады. Шара соңында оларға тегін балмұздақтар таратылды.