Қарағанды облыстық Полиция департаментінде мектеп оқушылары арасында шағын футболдан жарыс өтті.

Қарағанды облыстық Полиция департаментінде мектеп оқушылары арасында шағын футболдан жарыс өтті.

Халықаралық балалар күніне орай, Қарағанды облыстық Полиция департаментінің базасында мектеп оқушылары арасында шағын футболдан турнир өткізілді. Аталған спорт сайысына Қарағанды, Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларынан 6 командада 60 оқушы өзара бақ сынасты. Жарыстың негізгі мақсаты жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, оқушылардың бос уақыттарын тиімді пайдалану және олардың арасында құқық бұзушылыққа жол бермеу болып отыр. Таң сәріде басталған доп додасы өте тартысты өтті. Ала допты ұршықша иірген спортшылар өздері оқитын мектептің намысын қорғау мақсатында жан аянбай, жеңіс тұғырынан көрінуге тырысып бақты. Жарыс қорытындысына департамент бастығы, полиция генерал-майоры Санжар Әділовпен даңқты қазақстандық футболшы, Қазақстан құрамасының үздік қорғаушысы, Қазақстан чемпионы Игорь Солошенко, Қазақстан құрамасының үздік қақпашысы, Қазақстанның үш дүркін чемпионы Давид Лория, Қазақстандық футбол жанашыры қоғам қайраткері, спорт менеджері Асқар Ұранхаев және Ішкі істер органдарының ардагері Ерік Қуанышбеков  қатысты. -Сайыс өте жоғары деңгейде өтті. Осы алаңда тұрған барлық қатысушылар алдағы уақытта спорттың осы түрінен әлем чемпионы болады деген ойдамын. Бүгін баршаңызды арнайы құттықтау үшін атақты футболшылар келіп отыр. Сайысқа қатысқан барлық оқушыларға алғысымды білдіремін,-деді полиция департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Санжар Әділов. Департамент бастығының құттықтау сөзінен кейін жарыс қорытындысы бойынша жеңіс тұғырынан көрінгендерді марапаттау рәсімі өтті. Үздік шабуылшы номинациясы бойынша үздіктер қатарынан көрінген Нұрлан Жұмағазинге жүлдесін спорт менеджері Асқар Ұранхаев тапсырса,  Үздік қақпашы номинациясы бойынша жеңімпаз атанған Тимур Мурзагельдинге арнайы сыйлықты Давид Лория табыстады. Сонымен қатар үздік ойыншы номинациясын Темірлан Ерденаев ұтып алды. Ала доп сайысының ең шешуші сәтінде жүзден жүйрік шығып, жүлделі орындарды үш команда өзара бөлісті. Жүлделі үшінші орынды Қарағанды қаласы, Нұрмақов атындағы мектептің командасы иеленсе, екінші орынды Саран қаласынан келген мектеп оқушылары, ал жүлделі бірінші орынды Теміртау қаласы Ғабиден Мұстафин атындағы мектептің оқушылары қанжығаларына байлады. Облыстық Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен доп додасына арнайы келген қонақтарда департамент бастығының бұйрығымен марапатталып, сый-сияпаттар жасалды. -Осындай шара ұйымдастырып жатқан облыстық Полиция департаментіне алғысым шексіз. Өйткені бала біздің болашағымыз дейтін болсақ, балалардың бос уақытын ұтымды пайдалану үшін осындай іс-шаралар өте қажет. Сондықтанда бүгінгі жеңімпаздарды жүлделі орындарымен құттықтаймын,-деді Давид Лория.