
Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Орталық полиция бөліміне 36 жастағы Теміртау қаласының тұрғыны арызданды. Белгілі болғандай, жәбірленуші азаматша өзінің үй жануарын беделді иттер көрмесіне қойуды армандаған. Бұл арманын жүзеге асыруға белгісіз бір Қарағанды қаласының тұрғыны көмектесемін деп уәде берген. Жаңадан танысқан адам жәбірленушінің сеніміне кірген. Алайда, бұл арманын жүзеге асыру үшін 2 миллион 500 мың теңге тұратынын айтқан. Жануарларды жақсы көретін жәбірленуші ақшасын аударған. Алайда, ақша аударғанымен келісілген уәде орындалмаған. Алаяқтың алдауына түскенін сезген азаматша бірден полицияға хабарласқан. Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 35 жастағы азаматша ұсталды. Ол мойындау көрсетпе белгілерін берді. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.