Қарағандылық полицейлер интернет желісі арқылы айфон ұялы телефонын сатамын деп елді алдаған азаматты Алматы қаласынан ұстады.

Қарағандылық полицейлер интернет желісі арқылы айфон ұялы телефонын сатамын деп елді алдаған азаматты Алматы қаласынан ұстады.

Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-шығыс полиция бөліміне 24 жастағы азамат пен 29 жастағы азаматшадан арыз түсті. Белгілі болғандай жәбірленушілердің екеуі де алаяқтың құрбаны болған. Екі арызданушы да әлеуметтік желі арқылы өзін айфон ұялы телефонын сатушы менеджерімін деген белгісіз біреумен танысып, қымбат бағалы ұялы телефонды арзанға алу мақсатында QR- код арқылы ақша аударған. Мәселен, 24 жастағы жігіт ұялы телефон алу үшін 320 мың теңге аударса, 29 жастағы азаматша алаяққа 567 мың теңге ақша аударған. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190 бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Облыстық Полиция департаменті, Криминалдық полиция басқармасының кибер қылмысқа қарсы күрес бөлімі қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласынан «ұялы телефон сатушы» алаяқ ұсталды. Оның 25 жастағы Алматы облысының тұрғыны екені белгілі болды.
Анықталғандай, жәбірленушілер шынымен ұялы телефон сататын дүкенге ақша аударған. Алайда, ақшасы төленген тауар алаяқтың қолына түсіп, ол ұялы телефондарды төмен бағамен Алматы қаласында сатып отырған. Күдіктінің тұрғылықты жерінен полицейлер айғақ заттарды тәркіледі. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.